Алматыда соғыс ардагерлеріне берілетін бір реттік төлем 5 млн теңгеге жетуі мүмкін

4 Қазан, 00:17 493

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы төлем 5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімі Ерболат Досаев келесі жылы соғыс ардагерлеріне біржолғы төлемді 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін, ал тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланғанын хабарлады.

Бұл өзгерістер Ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесуде талқыланып, Жеңіс мерейтойына орай халықаралық акцияның сәтті өткізілгенін атап өтті.

Соғыс ардагерлеріне біржолғы төлемдерді 5 млн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар. Тыл еңбеккерлеріне төлемді 100 мың теңгеге дейін жеткіземіз, яғни екі есеге арттырамыз. Сіздің өтінішіңіз негізінде келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде мәслихатқа осындай ұсыныс енгіземіз, — деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, Алматыда бүгінгі таңда соғыстың 31 қатысушысы мен 8 мүгедегі тұрады.

 

Перизат Саденова
Бөлісу: