Алматыда қосалқы станция ашылады

10 Қазан 2023, 00:13 608

Алматы облысында «Көкөзек» қосалқы станциясы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін ашылған «Көкөзек» стансасы Қарасай, Іле және Жамбыл ауданының шаруашылықтары үшін көптен күткен жаңалық. Өйткені, қосымша қуаттарды берудің шектеулі мүмкіндігі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеді.

Жалпы сұраныс көп бүгінге күнге. Бізде осы жерден алыс емес жерде Қазыбек биде индустриалдық аймақ құрғанбыз. Бірақ оның жер көлемі үлкен. Бірақ бүгінге күнге электр қуаты жетіспейді. Оны егер қамтамасыз етсек, ол жерде 200-300 мегабатқа келетін инвесторлар бар. Алдымызға мақсат қойып тұрмыз. Егер инфрақұрылымды дұрыстасақ, Алматы облысында өндіріс тез дамиды деп тұрмыз, - дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

«Көкөзек» қосалқы стансасының құны 2,73 млрд теңге. Жобаның құрылысы «Алатау жарық компаниясы» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымындағы компанияның қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Ал салынған энергетикалық нысанда әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары вольтты жабдықтары орнатылған.

Өңір үшін өте маңызды қосалқы станса 346 шағын және орта бизнес, тұрғын үй секторындағы 1362 тұтынушыны сенімді әрі тұрақты электрмен жабдықтайды. Оған қоса, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1500 балаға арналған қос мектепті жарықпен қамтиды. Демек, жоба тек өндіріс пен бизнесті ғана емес, әлеуметтік нысандар үшін де аса қажет, - дейді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Компания сарапшыларының айтуынша, елдегі энергожүйені дамыту қарқынды жүріп жатыр. Яғни, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы желілердің өткізу қабілетін арттыруға, электр энергиясын беру кезіндегі техникалық шығындарды азайтуға, сондай-ақ жаңа тұтынушылардың қосылуын қамтамасыз етуге және желідегі кернеу сапасын арттыруға мүмкіндік туады.

Перизат Саденова
Бөлісу: