Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің Х Конгресі өтті

15 Қараша 2022, 16:01 893

Іс-шараны Қазақстан Ұлттық Банкінің және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұйымдастырды.

Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлерінің X Конгресі өтті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс-шараны Қазақстан Ұлттық Банкінің және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұйымдастырды.

Дәстүр бойынша Қаржыгерлер Конгресі мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары өкілдерінің макроэкономикалық саясат пен қаржы секторындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқыға салған негізгі диалог алаңы болды. Биыл қатысушылар экономиканы несиелендіру, қаржылық мүдделерді қорғау үшін сақтандыру нарығын дамыту, қаржылық қолжетімділікке цифрлық тәсіл мәселелерін, сондай-ақ қор нарығындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады.

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қаржы секторын дамытудағы стратегиялық маңыздылықты атап өтті.

 «Қиын кезеңдерде мемлекет қаржы саласына қолдау білдіру арқылы, оның тұрақтылығын сақтап қалды. Банктерге де қорландырудағы бизнестің қажеттіліктерін қамтамасыз ету арқылы дәл осындай рөлді өз міндеттеріне алатын кез келді. Ақша-кредит саясаты және реттеу экономиканың динамикалық дамуы мен макроқаржылық тұрақтылық мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Біздің барлық жоспарымыз бен міндетіміз, ортақ жалпымемлекеттік міндет – азаматтардың әл-ауқатын көтеру призмасы арқылы құрылуы керек. Форумда айтылған бастамалар мен шешімдер Қазақстанның валюталық нарығы мен қаржы жүйесін нығайтуда іс жүзінде қолданысқа енгізіледі деп сенемін», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстанда іргелі жұмыстардың жасалғанын және Бюджеттік кодекске бюджеттік ереже бөлігінде өзгеріс енгізілгенін, оның 2023 жылдан бастап күшіне енетінін атап өтті.

«Бұл кепілдендірілген трансферт өте консервативті деңгейде мұнайдың кесімді бағасымен шектеледі. Бұл ретте жалпы бюджет шығыстары экономикалық өсу үрдісіне және инфляцияға байланысты шектеледі. Ал бұл қазірдің өзінде фискалдық және ақша-кредит саясатын жақсырақ үйлестіру үшін институционалдық негіз болады. Сондай-ақ, инфляцияның төмендеуін бақылауға алу мақсатында Үкіметпен 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен бағдарлама әзірленген», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Сонымен қатар, Конгресс аясында Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚҰБ Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы бойынша 2-фазаның алдын ала нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, цифрлық валютаны енгізу мүмкіндігін зерттеу жобасының барысы көрсетілді.

«Цифрлық теңгені енгізу Қазақстанның экономикасы мен қаржы жүйесіне оң әсер етеді. Пилоттық жобаның екінші фазасын іске асыру жөніндегі қорытынды баяндама осы жылдың желтоқсан айында жарияланады. Ықтимал тәуекелдер мен пайданы жан-жақты зерттеу, технологиялық аспектілерді пысықтау, ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа әсерін бағалау, сондай-ақ ұлттық төлем жүйесі мен оның қатысушылары үшін ықтимал әсерді бағалау нәтижелері бойынша осы жылдың соңына дейін ұлттық цифрлық валюта – цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы қорытынды шешім қабылданады», - деді  Қазақстан Ұлттық Банкінің Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығының төрағасы Бинұр Жаленов.

EL.KZ
Бөлісу: