Алматыда Қазақстан мен Ресей волонтерлік ұйымдарының слеті өтті

23 Қараша, 17:18 328

Алматы қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында волонтерлік ұйымдарының слеті ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Слеттің ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен өңіраралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков, екі елдің волонтерлік қозғалыс өкілдері қатысты.

Аида Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтап, мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер қызметіне үлкен көңіл бөлуде. Мемлекет басшысы, әсіресе, саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударып отыр. Бүгін біз Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлер қозғалысы қуатты күшке, мейірімді азаматтардың жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтатын, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп сеніммен айта аламыз, – деді министр.

Сондай-ақ, Аида Балаева Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдың Қазақстанда Волонтерлер жылы деп жарияланғанын, бұл волонтерлер қозғалысына қуатты серпін бергенін айтып, Қазақстандағы волонтерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

Мемлекеттік органдар жыл сайын волонтерлер қауымдастығымен бірлесіп 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді.

Бүгінде елімізде 240 мыңнан астам белсенді волонтер бар, 740-тан астам волонтерлік ұйымдар мен мыңнан астам бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп келеді.

Сөз соңында министр 2025 жылы табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларды өзекті ету мақсатында бірлескен экологиялық акциялар, көрмелер, семинарлар мен конференциялар өткізуді ұсынды.

Волонтерлер слетінде сөз сөйлеген Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің шет елдермен өңіраралық және мәдени байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков Қазақстанға іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

Бірлескен жобаларды сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерудегі негізгі бастамашылардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан волонтерлермен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеге ие. Біз бұл бағытты толық қолдаймыз және бүгінгі кездесудің маңыздылығы келесі жылы, біз жоспарлағандай, Ресей мен Қазақстан волонтерлерінің «Тату көршілік» атты толыққанды форумы өтетінінде деп білеміз. Бұл біздің елдеріміз арасындағы бірлескен жобалар портфелін байыта түседі деп сенемін. Волонтерлік идеяны насихаттау және волонтерлік қозғалысқа көбірек адам тарту қоғамды біріктіруге, дәстүрлі моральдық және рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді, – деді ол.

Слет аясында волонтерлер үшін танымдық дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

Сондай-ақ ресейлік қонақтарға Алматы қаласындағы комьюнити орталықтарының жұмысы таныстырылды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: