Алматыда «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығы аталып өтті

13 Қаңтар, 23:48 1072

«Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр. Салтанатты шара Алматы қаласындағы «Достық» үйінде өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Басылымның мерейтойына арналған шараның шымылдығы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінен басталды. Министр ғасырға жуық тарихы бар басылымды мерейтойымен құттықтай келе, көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!" деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді, - деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Министр журналист ардагерлерге «Еңбек ардагері» медалін табыс етті, олардың арасында Исраил Сапарбай, Гүлжамал Темиреева және басқа да журналистер бар.

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Мөлдір Райымбек марапатталды. Сонымен бірге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: