29 шілде күні Алматыда УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында өтетін Қазақстанның «Қайрат» және Финляндияның KuPS командалары арасындағы футбол матчы кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы 28 шілдеде қалалық полиция департаменті мәлімдеді.
Хабарламада айтылғандай, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін стадион мен оның маңайында шамамен 1500 полиция қызметкері жұмылдырылмақ.
Көпшілік жанкүйердің келуі ескеріліп, қосымша алдын алу шаралары қолға алынып, патрульдік құрамдар күшейтілген.
Полиция өкілдері құқықбұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жол қозғалысын реттеуге ерекше назар аударылатынын нақтылады. Арнайы техника еркін қозғала алуы үшін Абай даңғылы мен Байтурсынұлы, Мұқанов және Сәтбаев көшелерінің кей учаскелерінде қозғалыс уақытша шектелуі мүмкін.
Қалалықтардан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, қоғамдық тәртіпті сақтауды және полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды сұрайды.