Алматыда қаржы нарығын дамыту жөнінде конференция өтеді

7 Қараша 2022, 17:09 1642

Сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері тәжірибе алмасады

2022 жылдың 16 қарашасында Қазақстан қор биржасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі шеңберінде "ESG – қаржы нарығын дамытудың жаңа парадигмасы" халықаралық конференциясын өткізеді, деп хабарлайды El.kz

Іс-шараның негізгі мақсаты – қаржы секторында орнықты даму мақсаттарын ілгерілету, сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықтың тәжірибесі мен пікірлерімен алмасу мәселелері бойынша сараптамалық пікірталас алаңын ұйымдастыру. Бірлескен ұйымдастырушылар: халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" ЗТБ (ҚҚҚ), БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) болды.

Конференция аясында қатысушылар тұрақты даму жобаларын қаржыландырудың жаһандық трендтерін, реттеуді дамытуды, корпоративтік ESG-стратегияларды және бизнесті трансформациялауды, ESG-ақпаратты ашу саласындағы озық тәжірибені, жасыл қаржыландырудың қолжетімді құралдарын, Орталық Азия мен Қазақстандағы ESG-жобаларды және басқа да өзекті тақырыптарды талқылай алады.

Конференцияға қатысушылар мен қонақтар ретінде мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың басшылары, қазақстандық банктердің, даму институттарының өкілдері және халықаралық сарапшылар шақырылды. 40 тан астам спикерлер қаржы нарығындағы ESG күн тәртібінің өзекті аспектілерін талқылауда өздерінің сараптамалық пікірлерін ұсынады.

"ESG – болашақтың күн тәртібі" атты негізгі пленарлық пікірталас экономика мен қаржы нарығындағы орнықты даму мәселелерін талқылауға арналады. Оған мемлекеттік органдардың басшылары мен жетекші халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысады. Бұдан әрі "Бизнестің ESG-трансформациясы", "Жауапты инвестициялау", "ESG-қаржыландыру", "Орталық Азия мен Қазақстандағы ESG күн тәртібі" тақырыптарымен панельдік пікірталастар өткізіледі. Қорытындылай келе, ШОБ сегментін жасыл қаржыландыру және ESG ақпаратын ашу бойынша тәжірибелік семинарлар өтеді, онда сарапшылар өз тәжірибелерімен бөліседі және "жасыл" инвестицияларды тарту және халықаралық стандарттарға сәйкес қаржылық емес ESG ақпаратын ашуды енгізу саласындағы нақты кейстерді талдайды.

Конференция Ritz-Carlton Almaty қонақ үйінде гибридті форматта өтеді, әр қатысушы өзіне ыңғайлы: онлайн немесе офлайн режимде таңдай алады. Онлайн трансляция https://kase.esgconference.kz/ сайтында өтеді.

Іс-шараның демеушілері "First Heartland Jusan Bank" АҚ, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "SkyBridge Invest"АҚ болды. Медиа-серіктестер Business FM радиосы, Kapital.kz іскерлік порталы, "Интерфакс-Қазақстан" АА, "Іскерлік Қазақстан" газеті, Orda.kz ақпараттық-талдау порталы, "Курсив" іскерлік апталығы, "Cronos - Central Asia" аналитикалық порталы, BES.media қоғамдық-саяси іскерлік басылымы, "El.kz", "Baq.kz" болды.

EL.KZ
Бөлісу: