Алматыда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты өтеді

13 Тамыз, 00:19 715

Алматыда 15-18 тамыз аралығында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірім ұлдар және қыздар арасында әлем чемпионаты өтеді. Спорттық шара 6 ел қатысушыларының басын қосады. Олар әр түрлі бағытта күресіп, шеберліктерін көрсетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  ұйымдастырушылар айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Төрт күн бойы спортшылар өртті сөндіру тәжірибесінде қолданылатын түрлі сынақтар кешенін еңсеретін болады.
«Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Еркежан Төлеген Қазақстанның спорттың осы түрін дамытуға және насихаттауға барлық мүмкіндіктері бар екенін алға тартты.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ұлдар мен жасөспірімдер арасындағы XIII әлем чемпионатын және өрт-құтқару спортынан қыздар мен жасөспірімдер арасындағы IX әлем чемпионатын өткізуде үлкен жауапкершілікті өз мойнына алды. Жалпы, біздің еліміз осындай деңгейдегі іс-шараны өткізуде үлкен тәжірибеге ие. Бұған дейін, 2014 және 2021 жылдары біз ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионаттарын өткіздік. 2018 жылы Алматы қаласында біз ерлер мен әйелдер арасында халықаралық жарыстар өткіздік. Біз алғаш рет Алматы қаласында жасөспірімдер мен ұлдар, қыздар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын өткізетін боламыз. Сондай-ақ, облыстар мен қалалар бойынша спорттық олимпиадалық резервтегі балалар жасөспірімдер мектептерімен бірлесіп, 13 пен 18 жас аралығындағы балалар айналысатын секциялар бар, - деді ол.

Брифингке қатысқан Қазақстанның қыздар мен жасөспірім қыздар  құрамасының өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша аға жаттықтырушысы Лаура Құлахмедова қыздар мен жасөспірімдердің бұл спорт түрі бойынша соңғы үш жылда ғана қатысып келе жатқанын айтты.

Жасөспірім қыздар арасында өрт сөндіру - құтқару спорты елімізде әлем чемпионаты деңгейінде өтеді. Биыл біз үшінші рет қатысамыз. Республикада жасөспірім қыздар арасында өрт сөндіру-құтқару спорты енді ғана қолға алынып, дамып келе жатқандығына қарамастан, біздің қыздарымыздың дайындығы мен көрсеткіштері жақсы, - деді аға жаттықтырушы. 

Айта кетейік, бүгінде елімізде өрт сөндіру - құтқару спорты бойынша 20 ерлер, 14 әйелдер және 16 жасөспірімдер командасы бар.

Әлем чемпионаты төрт бағыт бойынша өткізіледі, олардың екеуі жеке біріншілік болса, екеуі - команда боп сайысқа түсу.
Бірінші бағыт - оқу мұнарасының терезесіне баспалдақтармен көтерілу; 
Екіншісі - кедергілері бар жолақтың 100 метрін еңсеру;
Үшіншісі - 4х100 метрлік өрт сөндіру эстафетасы; 
Төртіншісі - өрт сөндіру мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю. 

Чемпионаттың ашылу салтанаты 15 тамызда сағат 19.00-де Орталық стадионда өтеді. Көрермендер арнайы отты эффектілерге толы шоу, эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертті, сондай-ақ құтқарушы спортшылардың жарқын және жанды қойылымдары мен қатысушы командалардың шеруін тамашалай алады. 

Зарина Арман
Бөлісу: