Алматыда өрт сөндіру кезінде бөлімше командирі қайтыс болды

25 Желтоқсан 2023, 23:20 1059

Алматы қаласында өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

25 желтоқсанда сағат 16.56-да Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру есептоптары Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіруге шыққан.

Қызметтік борышын атқару кезінде екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатырын шарпыған өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Уәли Әділет Аянұлы қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс жүргізуде, - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада. 

ТЖМ Әділет Аянұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Ол сауатты, өз ісінің маманы ретінде мәңгі есімізде қалады.

Перизат Саденова
Бөлісу: