Оқу жылы аяқталғаннан кейін Алматы қаласындағы мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда мегаполистегі 200-ден астам мектеп оларды ашуға белсенді дайындалып жатыр. Ата-аналар баласын лагерьге мектеп әкімшілігіне жүгіну арқылы тіркей алады. Лагерьлерге бару толықтай тегін.
Лагерьлерде балалар зияткерлік және шығармашылық ойындарға, спорттық жарыстарға, викториналарға, пікірсайыс клубтарына, жазғы тіл мектептері мен «Жас ұлан», «Жас қыран» бағдарламаларына қатыса алады. Әр мектеп өзінің жазғы бағдарламасын әзірлейді. Мысалы:
Алты мектепте ұлттық дәстүрді таныстыратын этнолагерь киіз үйде ұйымдастырылады.
24 мектепте футбол, волейбол, баскетбол және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді.
50 мектепте экологиялық мәдениетке бағытталған эколагерь жұмыс істейді.
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын атап өтті. Барлық лагерьлерде медициналық кабинеттер болады. Мектеп директорларымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және ТЖД өкілдері жиналыс өткізді. Балаларға жолда, саябақта және қоғамдық орындарда өзін ұстау ережелері үйретіледі.
Жаз мезгілінде қалада бейінді және көшпелі лагерьлер де ұйымдастырылады.
IT-лагерьлер «Шабыт», «Самғау» орталықтары, №1 Оқушылар үйі және екі инновациялық орталық базасында іске қосылады. Мұнда оқушылар ғылым, эксперименттер және жобалық қызметпен айналысады.
Оқушылар сарайы мен басқа мекемелер жанындағы лагерьлерде шахмат, вокал, би, күрес және өзге де үйірмелер өтеді.
Жаз бойы балаларға қосымша білім беретін ұйымдар жұмыс істейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 11 мыңға жуық оқушы 122 жеке меншік білім беру ұйымында сабаққа тегін қатысады.
Сонымен қатар, «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасы аясында 17 колледж базасында кәсіптік бағдар беру секциялары ашылады. Оқушылар аспаздық, шаштараз ісі, киім дизайны және басқа да мамандықтарды игеріп көреді.