Алматыда медицина мамандарына арналған халықаралық конференция өтті

11 Желтоқсан 2022, 19:55 966

Іс-шара Амангелді Дүйсекеевтің сексен жылдығына арналған

Алматыда Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында «Қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамытудың жаһандық үрдістері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті,  деп хабарлайды El.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген дәрігері және қайраткері Амангелді Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған. Конференция шеңберінде медицина қызметкерлерінің құзыреттерін жетілдіру мәселелері, медициналық көмекке байланысты инфекциялардың алдын алу, іргелі зерттеулер және дәрігерлік практикада симуляциялық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, іс-шара шеңберінде «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағалау құралдары», «Дәрілік заттардың сапасы бойынша нормативтік құжатты әзірлеу» және «ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттарды тіркеуге қойылатын талаптар» тақырыптарында шеберлік сыныптары өтті.

Конференцияда шұғыл медициналық көмектің өзекті мәселелеріне, оның ішінде стационардан тыс босану, клиникалық өлім кезіндегі көмекке қатысты баяндамалар ұсынылды. Алматы және Жетісу облыстарының денсаулық сақтау басқармаларының басшылары денсаулық сақтау жүйесінің даму үрдістері, жүргізіліп жатқан реформалар және қолданылатын инновациялық технологиялар туралы баяндамалар ұсынды. Сондай-ақ, студенттерге академик М.К. Алшынбаевтың стипендиясы тапсырылады.

Конференцияға Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның шетелдік мамандары қатысады. Амангелді Дүйсекеев – республиканың денсаулық сақтау саласын дамытуға зор үлес қосқан адам, денсаулық сақтаудың көрнекті ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ол 2015 жылғы 4 тамызда қайтыс болды.

А.Дүйсекеев Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы, Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары және бірінші орынбасары, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Екі рет Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Өмірінің соңғы жылдарында ҚазҰМУ-дың дипломнан кейінгі білім беру және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болды

EL.KZ
Бөлісу: