Алматы қаласында көпқабатты үйдің жертөлесінде жасырын казино жұмыс істеген. Ойыншылар мекемеге құпия сөз арқылы кірген, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«13 қарашаға қараған түні Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бөлімшелері Алматы қаласындағы ғимараттардың бірінде (Сәтбаев көшесінің бойында) жасырын казино ұйымдастырған қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы іс-шара өткізді.
Тыйым салынған ойын мекемесі қаланың Бостандық ауданындағы көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан. Адамдар құпия сөз арқылы кіргізіліп отырған.
Арнайы іс-шара кезінде казинода 20-дан астам келуші болды», - делінген полиция хабарламасында.
Арнайы операция кезінде 20-дан астам ойын жабдығы, ірі көлемдегі ақша, келушілердің аты-жөні жазылған тізім, ақшаның кіріс-шығыс жазбалары бар құжаттама тәркіленді.
«Қылмыстық әрекеттен түскен кірістің шамамен сомасы күніне 5 миллион теңгеден асып отырған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта казино иесін анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша жедел шаралар жүргізіліп жатыр», - делінген полиция мәліметінде.