Алматыда кітап жәрмеңкесі басталды

1 Сәуір 2023, 14:44 2768

Алматы қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын «Алматы кітап жәрмеңкесі» басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін сәуірдің алғашқы күнінде Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов алаңында (Ғылым ордасының алды) жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Алматы кітап көрме-жәрмеңкесі» өз жұмысын бастады.

Биылғы көрме-жәрмеңкенің ерекшелігі жөнінде шараны ұйымдастырушылардың бірі былай деп сөз алды:

Жыл сайын өткізетін Алматы кітап жәрмеңкесін биыл ерте ұйымдастырып жатырмыз. Кітап жәрмеңкелерін ұйымдастыру – оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын насихаттауға, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын оятуға көп ықпал етеді. Сонымен қатар кітапсүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлап, оқырмандарға қолжетімді бағадағы кітаптарды ұсынатындығымен де құнды, - дейді, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Тұрғалиқызы Салменбаева.

Алматы кітап көрме-жәрмеңкесінің мақсаты – баспа мекемелері мен кітап дүкендерінің саудасын жандандыру, кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосып, кітап мәдениетінің дамуына серпін беру, оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында дәнекерлік таныту.

Биылғы кітап жәрмеңкесіне 20-дан астам отандық баспа мекемесі мен кітап дүкені қатысуда. Осыдан бес-он жылғы кезеңмен салыстыра қарайтын болсақ, қазір еліміздің баспа ісі саласы қарқынды түрде дамып келеді деуге болады.

Жәрмеңке аясында жаңа бағытта, заманауи технологиялармен жарыққа шыққан кітаптардың таныстырылымы өтіп, авторлар мен баспагерлер болашақ жобалары жөнінде кездесулер өткізуде.

Көрме-жәрмеңке аясында қала тұрғындары мен қонақтары іздеген кітабын тауып қана қоймай, түрлі мәдени іс-шаралардың куәсі болуда. Жәрмеңкенің соңы Мәдина Садуақасова, Кенжебек Жанәбілов, Роман Ким сынды отандық эстрада жұлдыздары мен «Сазген сазы», «Рабат» сияқты фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің мерекелік концертіне ұласты.

Айта кетейік, бір күнге созылатын ауқымды мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар ассоциациясы ұйымдастырды.

          

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: