24.02.2026
16:20
959
Алматыда кино-көрме ашылды

Алматыда кино-көрме ашылды

Ұлттық орталық музейде «Ұлы мұра – ұрпаққа өсиет» атты көрме ашылды. Мұны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» мен Меңтай киномузейі бірлесіп өткізіп жатыр.    

Экспозиция Қазақ КСР-нің Халық әртісі, актер, опера әншісі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына  және  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактер Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналған.

Іс-шарада қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан «Кәукен Кенжетаев» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл еңбек – архив деректеріне негізделген, өнер иесінің шығармашылық жолын, өмір белестерін және ұлттық мәдениетке қосқан зор үлесін айқындайтын құнды басылым. Кеш барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртістері өнер көрсетті.

 фото: Gov.kz

Көрмеде Меңтай Өтепбергеновтің жеке коллекциясындағы заттар көпшіліктің қызығушылығын  оятты. Мысалы, 1931-1970 жылдар аралығында жарық көрген 200-ге жуық киноафиша бар. 1932-1990 жылдары шығарылған фотокамералардың бірегей үлгілері, ашық хаттар, кино журналдары мен фотоматериалдар жинақталған.

фото: Gov.kz

Кеш соңында Кәукен Кенжетаевтің қатысуымен түсірілген «Гауһар тас» фильмінің өңдеуден өткен, жаңартылған нұсқасы алғаш рет көрсетілді.

Сонымен қатар талантты актер Меңтай Өтепбергенов басты рөлді сомдаған  «Странный мир желаний и надежд»  фильмінің көрсетілімі өтті.

 

Кәукен Кенжетаев кім?

Кәукен Кенжетаев 1916 жылы 25 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1936-1941 жылы Мәскеу консерваториясының жанындағы қазақ студиясында білім алған. 1942-1946 жылдары Хабаровск қаласындағы шекарашылар ансамблінде еңбек етті. 1950 жылы Алматы консерваториясын бітіреді. 1946 жылдан бері Абай атындағы опера және балет театрының әншісі (баритон) болған.  1959 жылы Қазақ ССР халық әртісі атағын иеленген. Еңбек Қызыл Ту ордені мен медальдармен марапатталған.

фото: интернеттен алдынды

Фильмография:

  • «Жерге қайтып оралу» - режиссер,
  • «Біздің сүйікті дәрігер» - әнші,
  • «Ел басына күн туса» - Бауыржан Момышұлы,
  • «Ән қанатында» - Нұртаза,
  • «Тұлпардың ізі» - Танабай,
  • «Таудағы шынар» - Жапас,
  • «Қызыл тас заставасы» - қарт,
  • «Қыз Жібек» - Базарбай,
  • «Боранды бекет» - Қазанғап,
  • «Гауһартас» - қарт әке.

Театрдағы режиссерлік жұмысы:

  • Е.Брусиловский «Амангелді», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр»
  • П.Чайковский «Қарғаның мәткесі»
  • Е.Рахмадиев «Алпамыс»
  • С.Мұхамеджанов «Айсұлу»

Кәукен Кенжетаев орындаған партия:

  • Е. Брусиловский «Ер Тарғын» - Тарғын
  • Е. Брусиловский «Қыз Жібек» - Бекежан
  • Е. Брусиловский «Жалбыр» - Жалбыр
  • Е. Брусиловский «Дударай» - Семен
  • М.Төлебаев «Біржан-Сара» - Жанбота
  • Ж.Бизе «Кармен» - Эскамильо
  • А.П.Бородин «Князь Игорь» - Князь Игорь
  • А.Г. Рубенштейн «Демон» - Демон
  • С.В.Рахманинов «Алеко» - Алеко
  • Дж.Верди «Аида» - Амонасро
  • М.Глинка «Руслан мен Людмила» - Руслан

Кәукен Кенжетаев «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы», «Баян жүрек», «Кемпір мен шал, «Қалқаман-Мамыр», «Құсни-Қорлан», «Сапар» т.б. опера либреттоларының авторы. «Сильва», «Фигароның үйленуі», «Тыныш шаңырақ» опера либреттоларын қазақ тіліне аударған. «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высогий дар призвания» атты кітаптары жарық көрген. 

Кәукен Кенжетаев 1979 жылдан бері Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәріс оқыған. Академияда музыка-комедия мамандығын ашып, аталған кафедраның меңгерушісі болған. 1985 жылы Кәукен Кенжетавқа профессор атағы берілген. 

Актер 2008 жылы 15 наурызда 92 жасында дүниеден өтті.

фото: Ticketon.kz

Меңтай Өтепбергенов туралы не білеміз?

Меңтай Смағұлұлы Өтепбергенов 1946 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Беген ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Алматыдағы цирк училищесінің клоунада және пантомима бөлімін, 1974 жылы Бүкілодақтық кинематография институттын бітірген. Актер саналы ғұмырында 40-тан астам киноға түскен. Ол «Сүйіктім», «Бастау», «Махаббат туралы аңыз», «Бақыт жанымызда» сынды картиналарда лирикалық рөлдерде ойнаса, «Біз – ересектер», «Атуға берілген құқық» («Мосфильм»), «На далеких рубежах» (Свердлов киностудиясы) және тағы басқа фильмдерде мінезді рөлімен көрермен назарына ілікті. Ал «Ақ шаман» («Мосфильм») картинасында Меңтай Өтепбергенов Майна Вопканың бейнесін  сомдап шықса, атышулы «Интердевочка» фильміндегі рөлі оның актерлік беделін асқақтата түсті.

Меңтай Өтепбергенов – тек талантты актер ғана емес, сонымен қатар әлем кино өнерінің зерттеушісі ретінде танымал. Оның көп жылдар бойы маркаларды коллекция ретінде жинаған еңбегі «Маркадағы әлем киносы» атты кітап болып басылды. Канндағы 51-ші Халықаралық кинофестивальде кітаптың тұсауы кесілді.

1999 жылы Меңтай Өтепбергенов есімі КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабына енді: 

  • «Маркадағы әлем киносы» атты кітаптың авторы;
  • қазақ эстрадасындағы тұңғыш пантомимо орындаушысы;
  • қазақ киносында 16 ұлттың рөлін сомдаушы;
  • қазақ киносының плакаттарын жинаушы.

2008 жылы «Киноплакат. Қазақстан.» альбомы үшін Меңтай Смағұлұлы «Құлагер» Ұлттық кинематография сыйлығының лауреаты атанды. Актер 2016 жылы 5 қаңтарда 70 жасында дүниеден өтті.