Алматыда карьер жұмысынан жергілікті тұрғындар жапа шегуде

11 Мамыр 2023, 13:30 1442

«Ақжар» тұрғындары құм, тас өндіретіндерге шағымданды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Қазақпараттың мәліметінше, Наурызбай ауданы тұрғындарының бірі кездесу барысында Ерболат Досаевтан тұрғын үй аумағындағы карьердің иелеріне шара қолдануды сұрады. Айтуынша, «Ақжар» шағынауданының бойында үш карьер бар. Соның салдарынан қала тұрғындарының денсаулығы нашарлап барады.

Олардың лицензиясы былтыр аяқталды. Сонымен қатар, үш айға жұмыс істеуіне тыйым салынған болатын. Алайда әлі де жұмыс істеп тұр. Осының кесірінен балаларымыз аллергия, онкологиядан зардап шегеді, – дейді аудан тұрғыны.

Әкім Ерболат Досаевтың айтуынша, карьерлер Алматы облысының аумағында орналасқан. 

Былтыр облыс әкімімен сөйлескен болатынбыз. Мен сұрақты тағы да көтеремін. Бірақ, өкінішке орай, юрисдикция Алматы қаласына қарамайды, - деп жауап берді әкім.

Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай бұл мәселені Алматы облысының әкімдігімен бірнеше рет талқылағанын атап өтті.

Алматы облысы карьермен келісімшартты тоқтатты. 2021 жылы карьер басшылығы өз мерзімдерін қалпына келтіріп, әрі қарай жұмысын жалғастыра бастады, - деді ол.

Ерболат Досаев карьерлердің бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.

Облыс әкімімен бірге жұмыс істейтін боламыз. Бұрын сот шешімі болса, енді апелляциялық шағым түсіретін шығармыз. Алматы облысының әкіміне ресми түрде жүгінемін, - деп қосты Ерболат Досаев.

Сондай-ақ ол санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті сараптамалар жүргізуді тапсырды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: