Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сенбіде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ескерткіш тақта Кәкімбек Салықов тұрған Уәлиханов көшесі, 137 үйдің қасбетіне орнатылды. Салтанатты шараға белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Жәнібек Кәрібжанов, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ ақынның қызы Майра Салықова қатысты.
Ерболат Досаев өз сөзінде Кәкімбек Салықовты еске алуға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы қаланың рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
Қазақ поэзиясының классигі атанған Кәкімбек Салықов мемлекеттік қызмет пен әдебиетті біртұтас үйлестірді. Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, өлеңдеріне әндер жазылған. Атақты «Жезкиігі» қазақ даласын дүр сілкіндірді. Кәкімбек Салықов сонымен қатар көркем аударма шебері және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға баға жетпес үлес қосқан бірегей тұлға. Ол ұлттың мақтанышы, өз елінің нағыз патриоты болды. Оның қаламынан шыққан шығармалар қазақ әдебиетінің алтын қорына енді, - деп атап өтті қала әкімі.
Мәскеу Түсті металдар және алтын институтын бітіргеннен кейін Кәкімбек Салықов көптеген жылдар бойы шахтада жұмыс істеп, шеберден Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының шахта бастығына дейін жетті. Партиялық жұмысқа ауысқаннан кейін Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Жезқазған облыстық комитетінің екінші хатшысы, КОКП ОК инспекторы, Өзбекстан Компартиясы Қарақалпақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ленин орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар Достығы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Сондай-ақ, дәл осы күні Алматыда Бостандық ауданының «Нұр Алатау» шағын ауданында көрнекті ақынның құрметіне көше ашылды.