Алматыда гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі конференция өтті

2 Шілде, 01:29 446

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген делегациялар мен сарапшылар  қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы жылы біз Орталық Азия өңірінде гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша айтарлықтай өзгерістерді көріп отырмыз, - деп атап өтті Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Кеңсесі басшысының м.а. Дина Амришева.

Қазақстанда биыл тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты, буллинг пен кибербуллингті қатаңдату және криминализациялау бойынша үлкен заңнамалық реформа жасалды. Реформа шеңберінде отбасын қолдау орталықтарының қызметі трансформацияланды: отбасы мәселелерін шешу бойынша кейс-менеджмент енгізілді, әрбір орталықта мониторинг үшін мобильді топтар құрылды.

Конференция аясында ер адамдар мен ұл балалардың гендерлік теңдікті ілгерілетуге, қыздар мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күреске тартуға арналған панельдік пікірталас өтті. Сондай-ақ қатысушылар Альянс Ережесінің жобасын талқылап, аймақтық еларалық қатынастағы ұйымның рөлін сөз етті.

Гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия Альянсы – гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресте барлық мүдделі серіктестердің күш-жігерін біріктіретін аймақтық алаң. Альянс 2023 жылы БҰҰ мен Еуропалық Одақтың бірлескен «Жарық сәулесі» бастамасының аймақтық бағдарламасы шеңберінде, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы мен ҚР МАМ, ҚР СІМ қолдауымен құрылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: