Алматыда XVI халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті. Жеті күнге созылған «Еуразия» кинофестивалі аясында көрермендер мен қатысушылар 25 елдің кинокартиналарын тамашалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Фестивальдің түрлі бағдарламаларына елу фильм қатысты, олардың үшеуі – «Әдемі Елена», «Боран» және «Ауыл» картиналарының көрсетілімдері әлемдік премьераларға айналды.
Сондай-ақ «Мені Ивансыз жерлемеңдер» фильмінің халықаралық премьерасы және «Мәрмәр тастай суық» және «Құдайдың шақыруы» атты азиялық екі фильмнің премьерасы болды. Сонымен қатар, көрермендер өз елдерінен Оскар сыйлығына ұсынылған төрт картинаны, сондай – ақ Asia Pacific Screen Awards сыйлығының («Азиялық Оскар» сыйлығының) иегері «Эсимде» фильмін көрді.
Фестиваль аясында шеберлік сыныптары, қазақстандық режиссерлердің жаңа фильмдерінің тұсаукесерімен work-In-Progress бағдарламалары өткізілді. Он төрт баспасөз конференциясы және «Қазақ киносын дамыту векторлары» атты дөңгелек үстел өтті. Фестиваль қонақтары тақырыптық кештерге қатысты, ал «Еуразия» телевизиялық күнделіктері фестиваль тарихында тұңғыш рет бірден еліміздің екі телеарнасында көрсетілді.
Өз кезегінде фестивальдің беделді қазылар алқасы көрсетілімдерді қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша конкурстық бағдарламалардың жеңімпаздарын анықтады.
Халықаралық конкурс бағдарламасы:
Үздік фильм – «Эсимде» (реж. Ақтан Арым Кубат, Қырғызстан).
Үздік режиссерлік жұмыс - Леван Когуашвили («4-ші Брайтон», Грузия).
Ең жақсы режиссерлік жұмыс – Асиф Рустамов («Мәрмәр тастай суық», Әзірбайжан).
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы - Камара Камалова («Ешқайда апармайтын жол», Өзбекстан).
Үздік ер адам рөлі - Навид Мохаммадзаде («Қабырға артында», Иран)
Үздік әйел рөлі - Шен Ши Ю («Әйел», Қытай).
Қазылар алқасының дипломы - Катай Даули «Боран» (Қазақстан) фильміндегі рөлі үшін.
Қазылар алқасының дипломы – «Мені Ивансыз жерлемеңдер» фильмі (реж. Борисова Любовь, Саха Республикасы).
Қазылар алқасының дипломы - il Boemo фильмі (реж. Петр Вацлав, Чехия).
Ұлттық конкурс бағдарламасы:
Үздік фильм – «Қызыл анар» (реж. Шәріп Оразбаев).
Үздік режиссерлік жұмыс - Серік Апрымов («Ауыл»).
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Отау» фильмі (реж. Әлішер Жәдігеров).
Үздік ер адам рөлі - Әлихан Әбілдин («Жаз жақында аяқталады»).
Үздік әйел рөлі - Ольга Ландина («Зере»).
Фестивальде НЕТПАК-тың (Азия киносын насихаттайтын халықаралық ұйым) қазылар алқасы жұмысын қорытындылап жеңімпазды анықтады. Олар «От» фильмі (реж. Айжан Қасымбек, Қазақстан).
Естеріңізге сала кетейік, фестивальдің ашылу салтанатында «Орталық Азия кинематографының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесін атақты өзбек режиссері Әли Хамраев алған болатын, ол осы фестивальде халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарды. Өз кезегінде «Қазақ кинематографына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов алды.