Алматыда ерекше Соңғы қоңырау кеші өтті

1 Маусым 2023, 17:38 3795

Алматыда бүгін «Сәт сапар, саған, Жас түлек!» ұранымен «Соңғы қоңырау» кеші өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасы биыл ерекше сән-салтанатпен Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті.

Университет тарихында алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылған «Соңғы қоңырау» салтанатына 70 мектеп бітіруші, 56 колледж бітірушілер, 800 тыңдаушы қатысты. Кең сарайда өткен салтанатты шараға түлектердің ата-аналары да арнайы шақырылды.

Бітіруші түлектер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де ерекше кеште әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құттықтау сөз сөйледі.

Құттықтау сөзінен соң, Жансейіт Қансейітұлы сахна төрінде үздік түлектерді салтанатты түрде Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар оқушыларға дәріс берген үздік ұстаздар: Сәуле Тұрсынбаева, Бахтияр Ысқақов, Шынтай Мадиярова ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» алтын медалін кеуделеріне тақса, Бейіндік мектептегі ата-аналар комитетінің төрайымы Айгүл Қадырбергенқызы Ректордың Алғыс хатымен марапатталды.

Моңғолиядан келген қандасымыз, биші қыз Ақгүл Хайрол, 7 айда қазақ тілін жетік меңгеріп, тик-токта бір күнде 3,5 млн қаралым жинап қазақ тілінде сөйлеп жүрген жапон қызы Эбина Мисаки, «Алтын белгі» иегері Нұрдәулет Тоқабай және колледж студенті Жасұлан Жарқынбек өздерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. 

Кеш соңында мектеп түлектерінің қуанышын бөлісуге келген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал эстрада әншісі Мақпал Жүнісова әннен шашу шашты.

Айта кетейік, ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Қазақстанмен қатар Иран, Моңғолия, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қытай, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген балалар оқиды. Факультет 1985 жылы ашылған шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті негізінде 2011 жылы құрылған.

Бүгінге дейін факультетті АҚШ, Еуропа, Азия, Орта Азия елдерінен келген 7 мыңнан аса шет елдіктер және 3 мыңнан аса Қазақстан азаматтары бітіріп шықты.

Қазіргі кезде факультетте - Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы, Колледж, Бейіндік мектеп жұмыс істейді. Факультет білім беру саласында əлемнің 100-ден аса елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: