Алматыда егілген 460 көшетті жойған күдіктілер қолға түсті

29 Қараша 2023, 20:11 721

Алматыда егілген 460 көшетті жойған күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция қызметкерлері егілген көшеттерді қасақана жойып жіберген екі бұзақыны тауып, ұстады. Алматы қаласы Жетісу ауданындағы cолтүстік айналма көшесінің бойына тұрғындар үшін жас ағаштар отырғызылған болатын.

Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Күдіктілер бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған 28 жастағы қала тұрғыны мен Жетісу облысының 30 жастағы азаматы болып шықты. Олар заңсыз әрекеттер жасағанын мойындады. Қылмыстың себебі тергеу барысында анықталатын болады, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.

ҚР ҚК-нің 340-бабы 3-бөлігі (Ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ полиция бұзақылар келтірген шығынды өтеу шаралары қолданылатынын айтты.

Перизат Саденова
Бөлісу: