Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда қазір 213 автожанармай құю станциясы жұмыс істейді, оның ішінде 6 ірі желіге 176 жанармай құю бекеті кіреді (82% тиесілі). Алматыға үш мұнай өңдеу зауытынан ЖЖМ жеткізіледі. Олар: Шымкент "Петро Қазақстан Ойл продактс" мұнай өңдеу зауыты (ПКОП үлесі – 40%), Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ үлесі – 35%), Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ үлесі – 25%).
Соңғы уақытта қалада Алматы облысының тұрғындары, сондай-ақ транзиттік көлік иелері тарапынан дизель отынына деген сұраныс артты, бұл тұтынудың бір мезгілде 30-35%-ке өсуіне себеп болды және жекелеген жанар-жағар май станцияларына үзіліспен жеткізілуіне әкелді.
Қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отыны шектеп берілді.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта Алматы әкімдігі ҚТЖ және ЖМҚС желілерімен бірлесіп тұрақты негізде жолда дизель отынына мониторинг жүргізеді, басқа өңірлерде вагондардың тоқтап қалуына байланысты мәселелер жедел пысықталуда.