Алматыда Бірлік күні қалай аталып өтті

2 Мамыр 2023, 00:12 1310

Алматыда Абай алаңында Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысты.

Қалалық әкімдік мәліметінше, концерт «ЖасStars» тобы мен ҚР Мемлекеттік еңбек сіңірген «Салтанат» би ансамблі орындаған «Қазақстан - достық бесігі» вокалдық-би композициясымен ашылды, көрермендер үшін қазақстандық және шетелдік әртістер өнер көрсетті.

Өз композицияларын халықаралық байқаулардың лауреаттары Зарина Хасаншина, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан халық әртісі Жеңісбек Пиязов және Беларусь Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жанет Бутерус орындады. Сахнада кәріс, кавказ, түрік, ұйғыр, поляк және т.б. ұлттық билер орындалды, - делінген мәліметте.

Абай алаңында Қазақстан халықтарының тағам фестивалі өтті: 15 мейрамхана қазақ, кәріс, грузин, орыс, ұйғыр және үндінің ұлттық тағамдарын ұсынды.

Мерекелік іс-шаралар Жібек Жолы, Панфилов көшелерінде және Ғылым Академиясы ғимаратының алдындағы Ш.Уәлиханов атындағы скверде «Алматы әуендері» әртістері мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, музыкалық топтардың және т.б. қатысуымен өтті.

Сонымен қатар Абай алаңында «Достық әні» концерті ұйымдастырылып, Айқын Төлепберген, Qanay, Әйгерім Қалаубаева, Артур Давлетьяров, Ayree және КeшYou тобы өнер көрсетті.

Перизат Саденова
Бөлісу: