Алматыда балаларға арналған фэнтези жанрындағы "Құт" фильмі түсіріліп жатыр

5 Шілде, 09:21 984

Қазақстанның кино нарығында балаларға арналған шетелдік туындылар басым, сол себептен болар бүгінде жас көрермендерді баурап алатын отандық фильмдер тапшы. Әсіресе, фэнтези жанрындағы фильмдердің тапшылығы сезіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық балаларға арналған жаңа фантастикалық “Құт” фильмі үлкен экранға дәстүрлі фольклор мен заманауи әңгімелердің қайталанбас үйлесімін әкелу арқылы осы бір алшақтықты жоюға тырысады. Қайталанбас оқиғасы және ерекше кейіпкерлері бар бұл фильм нарықтағы жас көрермендердің жаңа буынын Қазақстанның бай мәдени мұрасын тануға шақырады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша “Қадам” кинокомпаниясы “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы” КеАҚ қолдауымен “Құт” балаларға арналған фэнтези жанрындағы фильмнің түсірілімін бастады. Жоба режиссері және сценарий авторы - Айхан Чатаева, қоюшы-оператор - Борис Трошев.  

Сюжет желісі қазақтың ата-баба рухын қастерлеу дәстүріне негізделген. Жаратушы Тәңірдің өзі өсиет еткендей, біз жерді қорғауымыз керек. Олардың сүйегі жерленген жерді қорлауға және сатуға болмайды, әйтпесе ол жерден құт-береке қашады делінген. Көне түркілердің аңыздары мен мифтерін айтып жүретін бала Қайсардың санасында бұл орныққан ұғым еді. Алайда, қасиетті Бесқарағайға көз салған алып сатарлардың кесірінен бұл жаз Қайсар, Асхат, Дария үшін өзгеше болмақ па? 

Шыны керек, балаларға арналған фильмдердің өте сирек кездісіп бара жатқаны мені ойландырды. Өзіміздің бұрыннан келе жатқан аңыздарымызды, ертегілерімізді, баяғы заманда болған оқиғаларды балаларға фильм арқылы жеткізіп, түсініктерін неге тереңдетпеске? Менің ойымша, бұл бағытта фэнтези жанры керемет жанр. Ең бастысы туындымыз арқылы жас буынды саналы тәрбиелей отырып, патриотизмге баулу, - дейді “Құт” фильмінің режиссері және сценарий авторы Айхан Чатаева.

Түсірілімнің негізгі бөлігі Алматы облысында өтеді. Атап айтсақ, Ақшы, Күрті және Бекболат Әшекеев ауылдарында. 20 мамыр басталған түсірілім жұмыстары 8 шілдеде аяқталады. Фильмдегі басты рөлдерге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, Максотова Айша, Тұрсынқазы Заңғар, Бегайдаров Қонысбек, Бөпежанова Әлия, Ақылбекұлы Бақдәулет түсті.

Кино нарықтағы кішкентай көрермендердің қажеттіліктерін ескеру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі, өйткені бұл біз бен сіздің болашағымыз. Балалар киносына тек ойын-сауық контенті ретінде қарамаған жөн. Кино - бұл мүмкіндік, яғни кино арқылы біз өскелең ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, жанашырлық таныту, туған туыс пен жақынды қолдау сынды ізгі құндылықтарды жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз. Сондықтан да болар біз “Құт” фильмі арқылы жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттауға ден қойдық. Түсірілім тобымен бірге атқарылған жұмыстың арқасында, көрерменге мейірім мен шытырман оқиғаға толы туынды ұсынамыз деген сенімдеміз, - дейді “Құт” фильмінің продюсері Мадина Дюсембаева.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: