Алматыда әйгілі домбырашылар концерт берді

27 Қазан, 19:18 456

25 қазанда Алматыда әйгілі домбырашылар Temirlan & Yernat дуэтінің үлкен концерті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, Түркиядағы «Bridge TV Need for Fest», Израильдегі «Music World», Ұлыбританиядағы «Golden Time Talent», Испаниядағы «Music Box International Contest», АҚШ-тағы «World Championship» және «Open Italy 2023» байқауларының жеңімпаздары Ернат Наурыз бен Темірлан Олжабайдың Республика сарайында аспаптық шығармашылық кеші өтті.

Шеберлердің қолындағы екі домбыра аспаптың шексіз мүмкіндіктерін толықтай көрсетті. Музыканттар көне күйлерден бастап классикаға дейінгі «Жұмыр Қылыш», «Кәусар сезім», «Аманат» шығармаларын «Vivaldi» және «Jackson» трибьюттарда орындады. Олардың қолдарындағы Күй тартыс музыка арқылы байланыстың ерекше түрін көрсете отырып, бір шығармадан екінші шығармаға жетелеп отырды.

Темірлан мен Ернаттың концертінде өз шығармаларын жеке орындап та, домбырашылармен бірге әдемі коллаборация жасап та көрермендердің көзайымына айналған еліміздің танымал музыканттары болды. Қобызшы Олжас Құрманбекпен бірге өнерпаздар «Zaman»  атты туындыларын орындады.  Виолончелист Багжан Октябрь және композитор Ренат Гайсин Темірлан мен Ернатпен квартет құрып әртүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен «Көңілді толқыны» туындысын орындады.

Димаш Құдайберген концертке көрермен ретінде келіп, бірнеше рет көптеген концерттерде бірге өнер көрсеткен «Шабыт» ҚазҰӨУ-де бірге оқыған достарымен дәл сахнаның үстінде  көрісті. Темірлан мен Ернат соңғы жылдары Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірліктеріне, Арменияға, Түркияға, Венгрияға, Қытайға дейінгі әртүрлі елдерде саяхаттаған Димаштың «Stranger» концерттік турының бағдарламасына үнемі қатысып келеді.

Бұл жігіттермен өз елімізде болсын, әлемнің басқа түкпірлерінде болсын, сахна бөлісу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен бақыт. Неге десеңіздер, сіздер бұл жігіттерді тамаша, талантты өнерпаз есебінде ғана танисыздар. Мен болсам, жасөспірім кезден бері, жатақанада Ернатпен бөлісіп жүрген жақын дос есебинде танимын. Барлығымыз Астана қаласындағы «Шабыт» Ұлттық өнер академиясының түлектеріміз.Жалпы айтқанда, жігіттер, сіздермен мақтанамын! Еліміздің мәдениетін күллі шартарапқа танытып жүргендеріңіз үшін үлкен үлкен рақмет! Саналы өскелең ұрпақтың өкілі деп осы жігіттерді ауыз толтырып айтуға болады. Және де тәрбиелі, ибалы, өнерлі осындай өрендерди дүниеге әкелген Темірлан мен Ернаттың ата -анасына мын мәрте рақмет айтайын. Қазақта жақсы сөз бар: «Білікті бірді жығады, білімді мынды жығады». Көзі қарақты көрерменіміз, өзіміздің қазағымыздың қолдауының арқасында бүгінгі екі мың адамдық үлкен концерт залы сіздің өнерлеріңізге, таланттарыңызға жығылып отыр деп айтсақ болады, - деді Димаш Құдайберген.

Концертке жас аспапшы Әбілмансұр Құдайберген де қатысып, өзінің «Together» атты авторлық композициясын пернетақтада орындаса, ал Темірлан мен Реннатпен бірге домбырада «Адай» күйін орындады.

Залдың ішінде Темірлан, Ернат және Димаш Құдайбергеннен шақыртулар алған «Аутизм Жеңеді» және «АРДИ» (Мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығы) жобасынан 100 бала мен олардың ата-аналары кештің ерекше көрермендері болды.

Перизат Саденова
Бөлісу: