Алматыда әйелдерден алқа ұрлауды кәсіп еткен тұрғын ұсталды

18 Тамыз 2023, 11:24 836

Алматыда әйелдерге шабуыл жасап, алқа ұрлауды кәсіп еткен азамат қолға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, тек әйелдерге шабуыл жасап, мойындарындағы алқаны ұрлауды қолжетімді табыс түріне айналдырған 42 жастағы ер адам қолға түсті.

1981 жылы туған К.есімді азаматқа қатысты 9 тонау дерегі бойынша айып тағылып отыр.

Күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның әрекеті ҚР ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігімен (Тонау) квалификацияланады.

Эпизодтардың бірінде Жетісу-3 ықшамауданында күдікті белгісіз қыздың соңынан еріп, оған шабуыл жасап, алтын алқаны иемденіп, қылмыс орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші материалдық шығынды 250 мың теңгеге бағалаған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: