Алматыда алты ел ақындарының қатысуымен халықаралық поэзия фестивалі өтеді

26 Қыркүйек, 12:45 466

Алматы қаласында 2024 жылы 26 қыркүйекте түркі әлеміндегі жас ақындардың халықаралық поэзия фестивалі өтеді. Оған Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түрікменстанның ақындары қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, фестивальдің басты мақсаты – түркі әлемінің бірлігі мен мәдениетін нығайту, жас ақындардың шығармашылық көкжиегін кеңейту. Іс-шара ТҮРКСОЙ ұйымының, Алматы қаласы әкімдігі мен «Тұлға-Достық» қоғамдық қорының қолдауымен өтеді.

Фестиваль 11:00-де «Поэзия аллеясында» (Сейріков көшесі, 2а) салтанатты түрде ашылады. Онда ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегіманов, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Қаныбек Иманалиев, Қазақстанның қоғам қайраткері, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері Асылы Осман және басқа да зиялы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен меценаттар сөз сөйлейді, - делінген мәліметте.

Ал фестивальге қатысушы ақындар сағат 17:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында («Нұркент» шағын уданы, 6) өнер көрсетеді.

Қатысушылар: Мухиттин Гүмүш (Түркия), Арайлым Мұраталиева (Қазақстан), Дәурен Тілеухан (Қазақстан), Вильям Молотов (Қазақстан), Ерқанат Кеңесбекұлы (Қазақстан), Ырысгүл Изатова (Қырғызстан), Акжол Доранбек уулу (Қырғызстан), Канатбек Таалайбек уулу (Қырғызстан), Шухрат Ариф (Өзбекстан), Мансур Жумаев (Өзбекстан), Хулкар Шерзодова (Өзбекстан), Интигам Яшарұлы (Әзірбайжан), Хошгелдиева Махым (Түрікменстан).

Сонымен қатар, фестиваль барысында «Алатау серілері» ансамблі, Бибігүл Қилымхан, Әсет Есжан, Ерден Жақсыбек, сондай-ақ «Алатау» этно-фольклорлық ансамблі сынды қазақстандық танымал өнер ұжымдары мен орындаушылар әннен шашу шашады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: