Алматыда 22 есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды

24 Қазан, 03:15 307

Алматыда есірткі қылмысына қарсы белсенді күрес жалғасып жатыр. 2024 жылдың 22 қазанында қала прокуратурасының үйлестіруімен ірі есірткі зертханасы сәтті жойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Операция барысында қылмыстық кәсіпорынының ұйымдастырушысы ұсталды.

Зертхананы тінту кезінде 3 полиэтилен  пакетке оралған 15 кг дайын мефедрон, әрқайсысы 30 литрлік 36 канистр, 10 литрлік 4 канистр, бес литрлік 5 шелек, 8 литрлік сұйықтық сақталған пластик бөтелкелер, сондай-ақ сору жүйесі бар моншасы, оның ішінде реагенттерді араластыру үшін қолданылатын 150 литрлік бөшке, электронды таразы, тыныс алу маскалары, араластыруға бейімделген бұрағыш,  8 пластикалық науалар табылып тәркіленді.

Тәркіленген барлық құрал-жабдықтар мен заттар сараптамаға жіберілді. Зертхананы ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Биыл Алматы қаласының прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қалада белсенді жұмыс істеп тұрған 22 наркологиялық зертхананың жолын кесті.

Алматы қаласының прокуратурасы қылмысқа жедел ден қою және оның алдын алу мақсатында азаматтарды күдікті тұлғалар мен есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін нысандар туралы хабарлауға шақырады. Сіздің қырағылығыңыз өзгенің өмірін құтқара алады!

Перизат Саденова
Бөлісу: