Алматыда 2025 жылға дейін қосымша 8 жастар комьюнити орталығы іске қосылады

27 Ақпан, 00:35 527

Алматыда Бостандық ауданының комьюнити орталығында Қазақстанның барлық аймақтарынан келген Жастар саясаты басқарма басшыларының басқосуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Республика бойынша Жастар саясаты басқарма басшылары, Жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, қаламыздың белсенді жастары, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, Жастар кеңесінің мүшелері қатысты.

Кездесу барысында  Арман Оразбайұлы  қала әкімдігінің жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым құрудағы жұмыстары туралы тоқталып, атап өтті.

Алматы тұрғындарының шамамен үштен бірі немесе 682 мыңы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл өз кезегінде бізден жастарды қаламыздың дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді тартуды, олардың жайлы өмір сүруі, жұмыс істеуі, бос уақытын тиімді өткізуі үшін қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді. Осы орайда біз қаламыздың барлық ауданында NEET жастарды қолдау үшін 8 комьюнити орталық аштық, - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.  

Аймақтардан келген қонақтарға комьюнити орталықтардың жұмысымен Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Мендіғалиев  таныстырды.

Әрбір комьюнити орталық креативті қоғамдық кеңістікті құрайды. Мұнда жастарды қолдау үшін қажеттінің бәрі бір жерде жинақталған: бұл әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, психологиялық және заңгерлік көмек, NEET жастарын қысқа мерзімді курстар арқылы өзекті мамандықтарға оқыту және жұмысқа орналастыру,- деп атап өтті Қайыржан Мендіғалиев.

Айта кетейік, Алматы қаласын дамыту бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін әр ауданда екіден жалпы 16 жастар комьюнити орталығын іске қосу жоспарланған, олардың 8-і жұмысын бастады.

 Іс-шараға қатысқан  қонақтар барлық аудандардағы комьюнити орталықтарда болып, Алматы қаласының жастар саясатаның жұмысына жоғары бағасын берді.

Жастарға қолдау көрсететін, қажеттінің барлығы бір жерде жинақтаған комьюнити орталықтарды көріп қуанып отырмын. Мұнда жастарды қолдау үшін барлық жағдай жасалып, ең бастысы барлық қызмет түрін тегін алуға болатыны, мені қуантты. Менің ойымша бұндай форматтағы орталықтар тек Алматыда ғана емес, еліміздің барлық қалаларында болу қажет, - деді өз сөзінде комитет төрағасы Қайрат Қамбаров.  

Жастар саясатының басты мақсаты – әрбір жас алматылыққа қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Ал комьюнити орталықтар жастарды әлеуметтендірудің маңызды құралы болуға бағытталған.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: