Алматыда 2 центнер заңсыз пиротехника тәркіленді

28 Желтоқсан 2022, 12:41 1187

Алматыда 25 желтоқсаннан бастап төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдар сатылатын орындарда рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, пиротехникалық бұйымдарды өткізу қағидаларын бұзған 23 адамға әкімшілік шара қабылданды. ҚР заңнамасының талаптарына сай келмейтін 262 жиынтық (200 кг астам) пиротехникалық бұйым тәркіленді.

«Алматы қаласында жыл сайын жаңа жыл мерекесінде 10-нан 15-ке дейін өрт болады. Оның 18 пайызы пиротехникалық бұйымдардан. Осындай оқиғалардан кейін өткен жылы медициналық мекемелерге 39 адам, оның ішінде 29 бала жүгінген. Ауруханаға жатқызылғандар – 8 адам, оның ішінде 7 бала бар», - деп атап өтті ТЖД баспасөз қызметі.

Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына пиротехникалық өнімдерді қолдану кезіндегі сақтық шараларын ескертті:

- пиротехникалық бұйымдарды сатып алғанда, орамының тұтастығына және оның жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз;

- 14 жасқа дейінгі балаларға пиротехниканы өз бетімен қолдануға жол бермеңіз;

- пиротехниканы қолдану кезінде оны өзіңізден алыстау ұстаңыз;

- қауіпті аймақ радиусында (50 метр) пиротехниканы ұшыруға ешқандай кедергі (ағаш шоқтары, сызықтар, отшашулар бағытын өзгерте алатын электр желілері) жоқ екеніне көз жеткізіңіз;

- пиротехниканы қатты желде қолданбаңыз;

- пиротехникалық өнім жарамсыз болған жағдайда, екінші қайтара қолданбаңыз;

- ракета мен отшашуды адамдарға қарай бағыттамаңыз және аяқтарының астына лақтырмаңыз.

EL.KZ
Бөлісу: