Алматыда 10 мың бала аттракциондарды тегін пайдаланды

16 Тамыз 2023, 03:38 1150

Осы жазда халықтың әлеуметтік осал топтарынан (ХӘОТ) 10 мыңға жуық балаға Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондар тегін болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Себебі 17 шілдеде ХӘОТ санатынан Алматыда тұратын балаларға тегін карточкалар беру акциясы басталған еді. Бұл шешімді Алматы әкімдігі саябақ әкімшілігімен бірлесіп қабылдады.

Қалалық әкімдік мәліметінше, акция басталғаннан бері карточкаларды 6 жастан 14 жасқа дейінгі балалар пайдаланды. Олардың ішіндегі ең танымал аттракциондар «Цепочка», «Колесо обозрения», «Орбита» және «Веселые горки» болды.

Бұл акцияны басқа да коммерциялық нысандар қолдады – бір ай бойы балаларға саябақта балмұздақ тегін таратылды, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар футбол, баскетбол алаңы, скейт-парк, роллердром, үстел теннисі және воркаут алаңдары да тегін болды. Балалар үшін әр сенбі және жексенбі күндері балалар қалашығының сахнасында екі сағаттық шоу-бағдарламалар көрсетіледі. Саябақ әкімшілігі барлық іс-шараларды өткізуге кететін шығындарды өздері көтерді.

Бұл акция тамыз айының соңына дейін өтеді. Карточкаларды алу үшін «Алтын Тараз» ЖШС кеңсесіне Гоголь көшесі, 1 мекенжай бойынша (ОМДС аумағында) хабарласу қажет. Өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі (көшірмесі немесе электронды түрде) болуы міндетті. Анықтама телефоны: +7 (705) 892-75-24.

Перизат Саденова
Бөлісу: