14 Тамыз 2015, 06:30
Құрылыс нысандарынан шалғай орналасқанына қарамастан, Алматы облысының кәсіпорындары ЭКСПО-2017 жобасына белсенді қатысуға ниетті. Олардың пікірінше, Қазақстанның басты құрылыс алаңына тауарларды жеткізу табыс табуға ғана емес, сонымен бірге, еліміздің ұлттық жобасына атсалысуға мүмкіндік береді.
«Мен болат есіктерді және өртке қарсы конструкцияларды өндіретін Қазақстандағы ең ірі зауыттың атынан келіп отырмын. Біз нарықта 10 жылдан аса уақыттан бері қызмет жасап келеміз, осы уақыт ішінде өз саламызда көшбасшыға айналдық. Бүгінгі кездесу өте жемісті өтті. Біз ЭКСПО-2017 жобасы үшін арнайы әзірленген бастапқы эскиздерді, сызбаларды, түрлі дизайндарды дайындадық. Қазақстандағы әрбір өндіруші компания үшін ЭКСПО-2017 өзін танытуға мүмкіндік беретін көрнекі жоба деп есептеймін», – деп атап өтті «AlCom Engineering Group» ЖШС бас директоры Данияр Әлжанов.
Кәсіпкерлер құрылыстың бас мердігерлерімен ғана емес, сонымен бірге құрылыстың бас жобалаушысы «IT Engineering SA» компаниясымен және инвестор «Ренессанс констракшн» ЖШС-мен ( «Mega Plaza» сауда ойын-сауық орталығы) ынтымақтасу мүмкіндіктерін талқылады.
Алматы облысының тауар өндірушілері өз өнімдерінің артықшылықтары туралы ақпарат беріп, өнімдердің үлкен көлемін жеткізе алатындарын атап өтті. «Кәсіпорын 2008 жылдан бастап жұмыс жасап келеді, төрт жылдан кейін біз заманауи жабдығы бар жаңа зауытты салып бітірдік. Қазіргі күні ол Қазақстанда өз сегментіндегі жалғыз кәсіпорын болып отыр. Өндіріс қуаттылығы ЭКСПО-2017 жобасына желдеткіш жабдықтың басым бөлігін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС коммерциялық директоры Радина Аширова.
Алматы облысындағы отандық тауар өндірушілерді тарту бойынша жұмыс жалғастырылуда. Қазіргі кезеңде темірбетон конструкцияларды, шпала мен тіреуіштерді өндіретін зауыт «БеНТ» АҚ-мен келісім-шартқа қол қойылған. Келісім-шарттың жалпы сомасы 45,9 млн. теңгені құрады.
«Астана «ЭКСПО-2017» ҰК және бас мердігерлер Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарының тауар өндірушілерімен бірқатар кездесулерді өткізіп қойғанын еске саламыз.
Дария Жұмалиева