09.04.2026
13:20
115
Жаңалықтар

Алматы тауларында қоқыс жинағандарға тегін кофе беріледі

Алматы тауларында қоқыс жинап, тегін кофе алуға болады. Алматыда жаңадан ашылған «Бұтақты» визит-орталығында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған экологиялық бастама іске қосылды.

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, Іле-Алатауы ұлттық паркі аумағына келушілер таудағы қоқысты жинап, оны визит-орталыққа өткізе алады. Оның орнына оларға тегін сусын – кофе немесе шай ұсынылады.

Бұл бастама «Таза Қазақстан»  республикалық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба табиғатты таза ұстауға шақырып қана қоймай, әрбір адамның жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тауда демалу мәдениеті ең алдымен қоршаған ортаға ұқыпты қараудан басталады.

Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағында туристер жиі баратын бағыттардың бірінде жаңа «Бұтақты» визит-орталығы ашылған еді. Алдағы уақытта Алматыдағы визит-орталықтар жаңа форматқа ауысуы мүмкін.