Алматы тауларында Кореядан келген турист құтқарылды

24 Тамыз 2023, 23:05 682

ТЖМ құтқарушылары туристерге ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

23 тамызда таңғы сағат 9-да Корея Республикасынан 25 адамнан тұратын делегация "Комби-1" аспалы жолымен көтеріліп, Талғар асуына жаяу жетті. Гид туристерге бос уақыт берген және Шымбұлаққа түсу кезінде топтың бір мүшесінің жетіспейтіні белгілі болды.

24 тамызда құтқарушыларға консулдық өкіл жүгінді. Сағат 12:05-те әйелді іздеуге 7 адамнан, оның ішінде бір кинологиялық есептен тұратын ТЖМ РЖҚЖ (Республикалық жедел-құтқару жасағы) құтқарушылары шықты. Сағат 14:22-де құтқарушылар Сол жақ Талғардан туристті аман-есен тауып алды, ол адасып, аспалы жолмен түсуге үлгермей қалған. Сәті түсіп ол үй тауып алып, сонда түнеп шыққан. Шетелдік әйелге медициналық көмек қажет болған жоқ.

ТЖМ құтқарушылары топтың таудағы қауіпсіз жүріс-тұрысын еске салады: туристік құрамның қатарында міндетті түрде басшы болуы керек, жүріп өтетін маршрутта топты таратып жіберуге болмайды, қозғалыс қарқынын топтағы ең әлсіз адамға қарай анықтау қажет, тек топ басшысының рұқсатымен ғана топтан ажырап кетуге немесе тұрақтауға болады.

Берік Арманов
Бөлісу: