Алматы қаласында 600 сайлау учаскесі жұмыс істейді

12 Қараша 2022, 14:13 3373

Қала бойынша 5000 астам адам сайлау комиссиясы жүйесінде қызмет атқарады

20 қараша күні болатын Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқанына Алматы қаласы қаншалықты дайын. Осы және өзге де мәселелер бойынша Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Бейсентайқызы Асановамен болған жедел сұхбатты ұсынамыз.

– Жанна Бейсентайқызы, қазір сайлау науқанының қызған шағы. Сонда да уақыт тауып «Еl.kz» порталына жедел сұхбат бергеніңізге ризашылығымызды білдіреміз. Алғашқы сауал, Алматы қаласы бойынша сайлауға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр. Қала бойынша жалпы қанша сайлау учаскесі бар?

– Алматы қаласы бойынша жалпы 600 сайлау учаскесі бар. 4-қарашадан бері 531-і ашылды, қалған 69 сайлау учаскесі - ол арнайы ауруханаларда, санаторийлерде және әскери мекемелерде және тағы басқа осындай арнайы мекемелерде орналасқан.

Аумақтық комиссия аудандық сайлау учаскелерінің сайлауға дайындық барысын толығымен бақылайды және оған жетекшілік етеді. Бүгінгі таңда 20 қарашада болатын сайлауға Алматы қаласы бойынша дайындық 100%.

Қаладағы сайлау учаскелері әртүрлі нысандарда орналасқан, яғни жоғары оқу орындары мен колледждерде, мектептер мен балабақшаларда, мәдениет және спорт мекемелерінде және басқада жеке ұйымдардың ғимараттарында ашылған. Барлық учаскелер қажетті барлық материалдармен және атрибуттармен қамтамасыз етіліп, безендірілген. Яғни барлық учаскелер сайлау күні қызмет етуге толықтай дайын деуге болады. Комиссиялар өз қызметін атқаруда. Жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.

– Қала бойынша әр ауданда электорат саны бар ма, бар болса қандай контингент (жастар/қарттар) бар?

– Сайлауға қатыса алатын қаладағы электораттың контингентін айтар болсақ: 18 бен 34 жас аралығындағылар 35%, 35 пен 54 жас аралығындағылар 37%, және 55 жастан жоғарылар 28% құрайды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес учаскелік комиссиялар шақырулар алып, түрлі контингеттегі сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етумен айналысуда.

– Сайлау науқанын өткізу үшін қала бойынша қанша адам қызметке тартылды. Олардың жұмыс уақыты қалай және жалпы мерзімі, яғни қай кезеңге дейін. Еңбекақы ала ма, алса қандай көлемде?

– Алматы қаласы бойынша бізде 8 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы, қалалық бір комиссия және 600 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет етуде. Аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік комиссиялармен тұрақты негізде дәрістер мен семинар-тренингтер өткізіп тұрады. Сонымен қатар комиссиялардың барлық мүшелері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қашықтан оқыту сайтында сайлау заңнамасын білуге ​​тест тапсырады және тиісті сертификаттар алады.

Әрбір сайлау учаскесінде жұмыс істейтін 5-11 мүше бар. Жалпы қала бойынша 5000 астам адам сайлау комиссиясы жүйесінде қызмет атқарады.

Алатын еңбекақылары заң бойынша кемінде 3 ең төменгі айлық еңбекақы, яғни 180000 теңге көлемінде саналады. Әр адамның жұмыс істегеніне орай табель толтырылады, соған байланысты ақша төленеді. Негізі сайлау жүйесіндегі жұмыс ақылы болады. Сондықтан әрбір сайлау комиссиясының мүшесі атқарған жұмысы үшін еңбекақысын алады.

Ал енді аумақтық (аудандық және қалалық) сайлау комиссиясының құзіретіне келетін болсақ, күнтізбелік жоспар бойынша барлығы сайлау науқанында қызмет етеді. Учаскелік сайлау комиссиясы сайлауға 20 күн қалғанда жұмысын бастайды, сайлаушылармен қарым-қатынасы 15 күн қалғанда басталады. Яғни бізде 4 қарашадан бастап сайлау учаскелері ашылып жұмыс атқаруда.

– Алматы қаласы бойынша отандық және шетелдік бақылаушылар саны қанша. Шетелдік бақылаушылар қай мемлекеттерден келген?

– Алматы қаласында болатын шетелдік бақылаушылар туралы әзірше бізде қандай да бір ақпарат жоқ. Біз бақылаушы емес байқаушы дейміз. Себебі қазір Орталық сайлау комиссиясында тіркеу, аккредитациядан өткізу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Аккредитация біткен соң Орталық сайлау комиссиясы әр өңір-өңірге осы байқаушыларды бөліп-бөліп жібереді. Тізімдерін бізге береді. Сол кезде ғана Алматы қаласында нақты қанша байқаушы болатынын білетін боламыз. Әзірге бізде тек екі ЕҚЫҰ (OSCE) байқаушысы қызметтерін атқарып жатыр.

– Қаладағы барлық учаскелерде Президенттікке кандидаттардың үгіт-насихат материалдары бар ма. Ілінген бе?

– Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы әрбір сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар туралы ақпарттар бар. Толық қамтамасыз етілген. Бұл ақпараттар бірыңғай түрде бүкіл республика бойынша Орталық сайлау комиссиясы тарапынан таратылады. Кез келген сайлау учаскесіне барып көз жеткізіп, сол ақпараттармен танысуға болады.

Қазіргі уақытта сайлаушыларды тізімге енгізу және енгізбеу туралы түсініктеме алу үшін өтініш бере алатын кеңселер ашық. Сондықтан барша алматылық сайлаушыларды 20 қараша күні сайлауға белсенді түрде келіп өз таңдауларын жасауға шақырамын!

– Сізге көп рахмет. Істеріңізге сәттілік!

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: