Алматы облысының ҚХА Талдықорғанның туған күнінде ұлттық салттардың театрландырылған көрінісін ұсынды

2 Қазан 2018, 06:52 2206

Талдықорғанда Қала күнін мерекелеу кезінде қалалықтар мен қонақтарға 6 метрлік торт пен пицца ұсынылды.

Түрлі көрмелер, қызықты конкурстар, Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаеваның қатысуымен өткен концерттік бағдарлама мерекенің шырайын кіргізді. Талдықорғандықтар мен қала меймандарын Алматы облысының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Амандық Баталов құттықтады.

Қала күні дәстүр бойынша «Жастар» саябағында мерекеленді. Онда байқаулар мен жарыстар, қаланың жетістіктері мен даму жайынан хабардар ететін кең көлемді көрмелер ұйымдастырылды. Шаһардың орта және жоғары оқу орындары,  денсаулық сақтау мекемелері, кәсіпорындары, бизнес-қауымдастық өкілдері өз жұмыстары туралы баяндап, екінші деңгейлі банктер ниет білдірушілерге «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын түсіндірді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы   мазмұнды концерт әзірледі. «Рухани   жаңғыру» орталығының көрмесі, облыс орталығының өткен тарихы мен бүгінгі келбетін айшықтайтын «Талдықорған – кеше, бүгін, ертең» фотокөрмесі аса тартымды болды.

Мерекеге арнайы дайындалып, бетінде Талдықорғанның басты символы бейнеленген 6 метрлік торт пен 6 метрлік пицца көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ келушілер алма көрмесінде күзгі жемістен дәм татысты.

Қаланың шығармашылық ұжымдарынан 50 адам қатысқан «Арайлы мекен - Талдықорған!» музыкалық-хореографиялық прологы негізгі концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты.

Мұнан соң  облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікке мерекемен құттықтады.

2018 жылғы Азия ойындарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларын марапаттау  рәсімі өтіп, оны облыс әкімі А. Баталов атқарды.

Атап айтсақ, самбо спорттық жарысынан алтын медаль алған Дильдаш Күрішбаеваға жаңа пәтер кілті мен 3 750 000 теңгенің сертификаты берілді. Ал жеңіл атлетика бойынша қола медаль иегері Иван Иванов пен регбист Влад Однолетоктың әрқайсысына 1 125 000 теңгенің сертификаттары ұсынылды. Самбодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақыт Қоқысбеков 1 875 000 теңгенің сертификатына, ал грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Азамат Көкебаев  1 125 000 теңгенің сертификатына ие болды.

Бұдан кейін жыл сайын дәстүрлі түрде «Үздік учаскелік инспектор», «Үздік аула сыпырушы», «Қоғамдық көліктің үздік жүргізушісі», «Үздік учаскелік дәрігер», «Үздік әлеуметтік қызметкер» және т.б. номинациялар бойынша өтетін байқаудың нәтижелері хабарланып, интернет-дауыс беру қорытындысы бойынша жүлдегер атанғандарға бағалы сыйлықтарды Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев тапсырды.

Мерекеге орай Талдықорған қаласының Құрметті азаматтарының қатары толыға түсті. Олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов, «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салыкова және «Югсантехмонтаж» кәсіпорны Жетісу филиалының ардагері Виктор Еремкин бар.

Салтанатты шара облыс әртістері мен қазақ эстрадасының өкілдері қатысқан гала-концертпен жалғасты. Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева, көпшіліктің сүйіктісіне айналған «Дос Мұқасан» тобы және т.б. өнерпаздар талдықорғандықтардың көңілін көтерді.

 

Бөлісу: