03.08.2025
17:52
328
Алматы облысындағы таудағы өрт сөндірілді

Алматы облысындағы таудағы өрт сөндірілді

3 тамызда Алматы облысының Қарасай ауданындағы таулы аумақта, нақтырақ айтқанда Долан ауылы маңында құрғақ шөп пен бұталар өртенгені туралы хабарлама облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне келіп түсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Оқиға орнына Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, жергілікті атқарушы органдар және ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінен 100-ден астам қызметкер мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ өртті сөндіру жұмыстарына ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы тартылып, су төгетін құрылғы арқылы 8 рет су ағызу жүргізілді. Нәтижесінде жалпы көлемі 24 тонна су пайдаланылды.

Өртті сөндіру жұмыстары таулы бедердің күрделілігімен, кіреберіс жолдардың болмауымен және биік өсімдіктердің тығыз орналасуымен қиындаған. Алайда мамандардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің жалпы аумағы 40 гектарды құраған. Зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.