13 қазан күні кешкі сағат 17.30 шамасында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жол апатынан 6 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алды, деп хабарлайды EL.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, 28 жастағы Mercedes жүргізушісі «Алматы - Көкпек - Көктал» тасжолының 69-шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып, Subaru көлігімен жанамалы соқтығысуға жол берген.
Одан әрі басқарудан айырылып, жол жиегіндегі ағашқа соғылған.
Оқиға орнында Mercedes көлігінде болған 6 адам қаза тапты, оның 4-уі - кәмелетке толмаған балалар.
Зардап шеккен тағы 3 адам әртүрлі жарақатпен жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды.
Айта кету керек, 1992 жылы шыққан Mercedes-те 9 адам болған, оның алтауы - бала.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері істің мән-жайын анықтап жатыр. Факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.