Алматы облысында Жақсылық Үшкемпіров атындағы заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

22 Наурыз, 16:22 928

Алматы облысында 180 орындық заманауи дене шынықтыру – сауықтыру  кешені ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы облысында Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілген 180 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында заманауи дене шынықтыру – сауықтыру  кешені ашылды.

Кешенге грек-рим күресінен Әлем чемпионы, халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді.

2022 жылы құрылысы басталған нысанға 2 534, 8 млрд.теңге жұмсалды.

Аталмыш кешенде бокс, күрес, ойын, жаттығу залы бар. Бұл залдарда бокс, еркін күрес, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, футзал, гандбол секілді спорт түрлерінен үйірмелер бар.

Нысанның аумағы 5477,4 м2 шаршы метр. Бұл ғимаратта Шелек ауылының тұрғындары ғана емес, көршілес ауылдардың спортқа қызығушылық танытқан балалары да жаттығуына болады. Кешенде күніне 100-ден аса бала бірнеше секцияда шеберліктерін шыңдайды. Аталмыш ғимараттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтқандай, айтулы мереке қарсаңында жаңа кешеннің іске қосылып жатқаны – облыс тарихындағы аса маңызды оқиға. Бұл қадам ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді. 

Сіздерді бірнеше залы мен футбол алаңы бар заманауи дене шынықтыру – сауықтыру  кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ғимарат тек осы Шелек ауылында ғана емес, ауданда спорттың дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Себебі оның негізінде Еңбекшіқазақ ауданының №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрылып отыр. Мұндай қадам ауданның ішінде спорттық бәсекені арттырып, шын мықтылардың іріктелуіне мүмкіндік туғызады деп ойлаймын, - дейді ол.

Сонымен қатар кешенге грек-рим күресінен Әлем чемпионы, халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың есімінің берілуі ерекше жауапкершілік жүктейді.
Жаңа спорт ғимаратын қолданысқа беру арқылы жас буынның, әсіресе ауыл жастарының спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасалуда.
Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Спортшыларымыз көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Спорт әрдайым мемлекеттің назарында болады», – деген сөздері бұқаралық және кәсіби спортты дамытудағы жауапкершіліктің жоғары екендігін көрсетеді.

Бұл бағытта басты көңіл ауылды жерлерге бөлінеді.

Ауылды жерлерде спорттық нысандар көптеп салынуда. Бұл орайда Алматы облысындағы 1800-ден астам спорттық ғимараттардың жартысынан көбі ауылды жерде екенін атап өткен жөн», - деді облыс әкімі.

Салтанатты шараға Алматы облысының әкімімен қатар әкімінің бірінші орынбасары, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты,  Аралас жекпе-жектен үш мәрте әлем чемпионы және әлем кубогының иегері Ардақ Назаров,  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов, Бокстан бірінші орта салмақта WBC Asia чемпионы (2019) және WBA Continental чемпионы (2021) Садриддин Ахмедов арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Сондай-ақ, өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев ауданның «Тұлпар» ЖШС жүргізушілеріне 10 жаңа
автобустың кілтін  табыстады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: