Алматы облысында «Қымызмұрындық» – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы өтті

16 Шілде 2019, 10:47 7270

Алматы облысындағы Райыбек ауданына  қарасты Шәлкөде жайлауында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында «Қымызмұрындық» мәдени-көпшілік шарасы өтті.


Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рахметін айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді.


Жайлауда жайылған «Қымызмұрындық» мерекесіне  арнайы 30 қазақ үй тігіліп, қазақша күрес, қол күрес, қошқар көтеру, қыз құұ, аламан бәйге ұйымдастырылды.

Мереке концертік бағдарламамен ашылып, облыстық Достық үйінің «Өрнек» би ансамблі  өз өнерін көрермендерге тарту етті.


«Қымызмұрындық» мерекесі аясында тігілген қазақ үйлер арасында байқау өтіп, ең үздік безендірілген қазақ үйлер бағалы сыйлықтарға ие болды.

Атап айтқанда, Шәлкөде жайлауына 5000-ға жуық корермен келіп, 600 литрге жуық қымыз ішілді.

Мереке биыл екінші мәрте өтіп жатыр.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, алдағы уақытта мерекені республикалық деңгейге шығару мақсаты да бар.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: