Алматы облысында полицейлер синтетика өндіретін есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қарасай ауданының аумағында кезекті есірткі зертханасы анықталды. Үйдің ауласын тінту барысында белгілі бір иісі бар ақ ұнтақты сұйық ыдыстар мен полимерлі қаптар, сондай-ақ, синтетикалық есірткі жасауға қажет реактивтер, заттар табылды.
"Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен 27 жастағы ер адам ұсталды. Жауап алу кезінде ол жоғары ақы төленетін жұмысты Telegram канал арқылы тапқаны белгілі болды. Жүргізілген сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың салмағы 10 келіден асатын сұйық түрдегі мефедрон, ұнтақ түрінде шамамен 150 грамм, сондай-ақ, синтетикалық есірткіні өндіруге арналған 30 литр прекурсорлар мен 80 келі "бром" улы зат екенін көрсетті", – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.