17.08.2023
21:44
1463
Алматы облысында шетелдік азаматтың мәйіті табылды

Алматы облысында шетелдік азаматтың мәйіті табылды

Алматы облысында Өзбекстан азаматының мәйіті табылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер ведомствосы таратқан мәліметке сүйенсек, 14 тамызда Еңбекшіқазақ ауданы ПБ-ға Қайназар ауылдық округінің аумағындағы ҮАК су арнасынан ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша полицияда тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу іс-шарасы кезінде қаза тапқан адамның жеке басы анықталды, ол Өзбекстан Республикасының 26 жастағы тумасы болып шықты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 1984 жылғы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жауап алу кезінде өз кінәсін толық мойындады, - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындаумен барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам заңнамада белгіленген тәртіппен қамауға алынды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.