Алматы облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы уақытта жолдарға қажетті 10 мың тоннаға жуық инертті материал дайындалған. Дегенмен болуы ықтимал төтенше жағдаларға байланысты оның көлемі артуы мүмкін. Жалпы өңірде қар көшкіні қаупі бар 11 учаске анықталған. Бұл туралы облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Дінмұхамет Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы облысының аумағы да қыс мезгілінде техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға тап болады. Бұл қар басу, қар көшкіні, айлық нормадан жоғары жауын-шашын, төмен температура, сондай-ақ көлік апаттары болып табылады. Өңірде қар басу, қар көшкіні, көктайғақ және жол-көлік апаттарына қарсы арнайы дайындық шаралары толықтай жүргізілген. Жалпы бүгінгі таңда өңірдің жалпы ортақ пайдалануындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 5741 шақырымды құрайды. Оның 1809 шақырымы - республикалық, ал 3370 шақырымы облыстық маңызы бар жол. Өңірде жалпы ұзындығы 235 шақырымды құрайтын қар басу және қар көшкіні жүру қаупі бар он бір қарлы учаске анықталған. Оның сегіз учаскесі республикалық маңызы трассаларда, үшеуі облыстық маңызы бар жолдарда орналасқан.
Қар құрсауына түскен адамдарды орналастыру үшін жол пайдалану басқармасының базасында жеті жылыту пункті өз жұмысын атқарады. Қыс мезгілінде ауа райы нашарлаған жағдайда облыстық автожолдардағы жағдайды ықтимал асқындыруына жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің күштері және техникалары топтастырып түзетілді. Осы ретте тағы бір айта кететін жағдай, қыс мезгілінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта 11 жылыту пункті бар. Бұдан өзге 4 трассалық медициналық-құтқару пунктісі жұмыс істейді. Олар қажет болған жағдайда жылыту пунктері ретінде пайдаланатын болады. Бұл трассалық медициналық-құтқару пункттері өңірдің стратегиялық жол учаскелерінде орналасқан, ауа райы нашарлаған жағдайда жолда қалған адамдарға көмек көрсету үшін құрылды. Атап айтсақ, оның бірі – Жаңа-Арна пункті. Ол Өскемен-Алматы трассасының бойында Заречное ауылына жетпей көпір маңында тұр. Екіншісі – Күрті. Бұл пункт «Алматы-Екатеринбург» трассасы бойында Күрті су қоймасының жанында орналасқан. Үшіншісі – Тарғап пункті. Ол «Алматы-Ташкент» трассасының 127 шақырымында орналасқан және соңғысы – Шелек. Бұл трассалық медициналық-құтқару пункті «Алматы-Қорғас» трассасының бойында Тескен су ауылының маңында орналасқан. Облыстың автожолдарында ауа райының нашарлауына байланысты жағдайдың ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында департаментпен күштер мен құралдардың топтамасы әзірлікке келтірілді. Тұрақты дайындықта 1112 техника, оның ішінде 557-сі негізгі, 14-і арнайы мақсаттағы техникалар. Ал 41 техникамыз қосалқы мақсатта жұмылдырылады. Қысқасы, қыс мезгілінде жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сақадай сай дайынбыз,-деді Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері өңірде өткен брифингте.
Өз сөзінде спикер облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды ауа райы туралы ескертулер мен қауіпсіздік шаралары жайлы үнемі ақпараттандырып отыратынын атап өтті. Бұл мақсатта «Darmen» мобильді қосымшасы мен ұялы байланыс операторлары арқылы дауылды ескертулер мен төтенше жағдайлар туралы ақпарат жолданады. Бұдан өзге Дінмұхамет Жүнісов қысқы кезеңге дайындалған инертті материалдар туралы да ақпаратпен бөлісті.
Төтенше жағдайлар аймақтарынан байланыс пен жедел ақпаратпен алмасу үшін ведомстволық байланысты бөлімшелерінің қарауында 17 спутник телефондары бар. 2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңнен өту кезеңінде халықты дауылды ескертулер туралы уақытылы хабардар ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары, ұялы байланыс телефон операторлары және «Darmen» мобильді қосымшасы, сондай-ақ интернет-ресурс арқылы халыққа ақпараттандыру бойынша тұрақты жұмыс жасайды. Биыл 21-22 қараша күндері облыс аумағында «Қыс-2024» атты республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткен болатын. Сол іс-шара барысында «ҚазАвтоЖол» мекемесіне қарасты және облыстық автомобиль жолдары және пассажир көлік басқармасына тиесілі жолдарды тексердік. Қазіргі таңда қолдағы мәліметке сүйенсек, 9480 тонна көктайғаққа қарсы инертті материал дайындалған. Бірақ бұл биылғы қыс маусымы кезеңін толықтай қамтамасыз ететін цифр емес. Себебі жағдай күрделене түссе, инертті материал қосымша дайындалады,-деді облыстық ТЖД өкілі Дінмұхамет Жүнісов.
Айта кетсек, облыстағы жолдарды күтіп-ұстау бойынша техникалық тексеру жұмыстарын жүргізу ағымдағы жылдың 7-10 желтоқсан күндері өткізу жоспарланып отыр.