Алматы облысында полицейлер өрт шыққан үйден төрт адамды құтқарды

3 Қыркүйек, 19:45 483

Алматы облысында полиция қызметкерлері адамдарды өрттен құтқарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ІІМ мәліметінше, Алатау қалалық полиция басқармасы патрульдік полициясының қызметкерлері Боралдай ауылында патрульдеу барысында полиция аға лейтенанты Әділет Шәріпханов пен полиция капитаны Мирасбек Нұрбаев Тынышбақов көшесіндегі үйдің ауласынан түтін шығып жатқанын байқаған. Тәртіп сақшылары дереу өрт сөндірушілерді шақырып, өздері оқиға орнына дереу жетті.

Оқиға орнына келгенімізде, өрт үйдің едәуір бөлігін алғанын көрдік. Көршілерден үйдің ішінде әлі адамдар бар екені анықталды, ал өрт сөндіру қызметі жолда болды. Біз ойланбастан әрекет етуді шештік, – деді Мирасбек Нұрбаев.

Полиция жедел түрде әжесін, қызын және екі кішкентай немересін тез арада эвакуациялады. Сондай-ақ олар гараждан көлікті итеріп шығарған.

Тұрғындарды эвакуациялағаннан кейін, құтқару қызметі келгенше тәртіп сақшылары өртті қолда бар құралдармен сөндіруге кірісті. Келген өрт сөндірушілер көрші үйлердің өртенуіне жол бермей, өртті толықтай сөндірді, – деп атап өтті Алатау қалалық полиция басқармасының бастығы Нұрлан Сайдалин.

Перизат Саденова
Бөлісу: