Алматы облысында көкөніс пен жемістерді терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өңірде көкөніс пен жемістерді терең өңдеуге арналған заманауи зауыт салу бойынша жаңа инвестициялық жоба іске қосылып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аталған жобаның бастамашысы қазақстандық «Qazaq Global Food JV» ЖШС-і. Жоба аясында көкөніс пен жемістерді өңдеу саласындағы Түркияның ең ірі компанияларының бірі — Göknur Gıda компаниясымен Off-take келісімшарты жасалған.
Серіктес кәсіпорынның алма шырыны концентратын және басқа да өнімдерін экспорттау бойынша стратегиялық оператор қызметін атқарады. Бұл келісім ұзақ мерзімді кепілді өткізу нарығын қамтамасыз етіп, қазақстандық өнімнің шетел нарықтарына шығуына кең мүмкіндіктер ашады, - деп жазылған АШМ хабарламасында.
Өңдеу қуаттарын дамыту жүйелі әсерге де ие. Оның ішінде жаңа зауыт бәсекеге қабілетті нарықтың қалыптасуына, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ел ішінде жоғары қосылған құнға ие өнім өндіруге ықпал етпек, Айта кететін жайт, жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңгені құрайды.