Алматы облысында ер адам мен екі баласы өртеніп кетті

28 Ақпан 2023, 16:45 1225

Алматы облысында ер адам екі кішкентай баласымен жеке үйдегі өрттен қаза тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға Кепебұлақ ауылында болған. Жергілікті тұрғындар ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығынан ауылға құтқарушыларды шақыру мүмкін еместігін айтып шағымдануда.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов Facebook желісіндегі ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Байланыс операторы берген лицензиялық міндеттемелерге сәйкес 500-ден астам халқы бар елді мекендер кем дегенде 2G стандартының дауыстық байланысымен қамтамасыз етілуі тиіс.

Алайда байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелерін орындамаған.

«Кепебұлақ ауылында «Кар-Тел» ЖШС операторы ұялы байланыс қызметін ұйымдастыруы керек еді, ал «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторлары бірлескен келісім шеңберінде (инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану) қызмет көрсетуі тиіс. Алайда, «Кар-Тел» ЖШС басқа екі ұялы байланыс операторы үшін бірлескен келісім шеңберінде ұялы байланыс инфрақұрылымын ұйымдастырған жоқ, осыған байланысты осы ауылдағы байланыс сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді», - жазды Мейрамов.

Оның айтуынша, операторларға қатысты көрсетілетін қызметтердің сапасына тиісті тексеру жүргізіледі және операторларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады.

EL.KZ
Бөлісу: