Алматы облысында бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды

Алматы облысында бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды

Алматы облысында мемлекеттік активтерді тиімді басқару мақсатында бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде Ұшқоныр су шаруашылығы колледжі – инвестор келісімшарт бойынша 66,6 млн теңге инвестиция салмағандықтан, сот шешімімен мемлекетке өтіп отыр. Есік көлі бөгеті және 141,6 га жер учаскесі – 1,1 млрд теңге инвестиция тарту міндеттемесі орындалмағандықтан, нысан мемлекетке қайта берілді. Су тапшылығын шешу үшін 23 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. 

Қаскелеңдегі өнер мектебі – 2023 жылы келісімшарт жарамсыз деп танылып, Алматы экономикалық колледжі – инвестициялық міндеттемелер орындалмағандықтан ғимарат коммуналдық меншікке өткен жайы бар. 7 су шаруашылығы нысаны – келісімшарт талаптары сақталмағандықтан, жергілікті атқарушы органның бақылауына өтті.

Иесіз және апатты нысандар ретінде жалпы саны 967 ғимарат анықталып, 188-і мемлекет меншігіне қайтару рәсімінен өтіп жатыр.

Қаржы басқармасының мәліметінше, бірқатар ғимараттар бұзылып, кейбірі аукционға қойылады немесе қайта жаңғыртылады. Қазіргі уақытта 69 нысан инвестициялық жобаларға іріктеліп, 5 нысан бойынша серіктестер іздестірілуде.

Өткен жылы 397 313 гектарды қамтитын 1 340 жер телімі пайдаланылмай отырғаны анықталды. Мемлекеттік мүлікті тиімді басқару – жаңа инвестициялар тартуға, бюджетке қосымша табыс әкелуге және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.