Алматы облысында 200-ден астам лауазымды тұлға жазаланды

20 Қыркүйек, 03:15 487

Жыл басынан бері Алматы облысында жол-коммуналдық ұйымдардың 236 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Облыстық полиция мәліметінше, жол қозғалысы жағдайларын жақсартуды және жолдардың барлық конструктивтік элементтерінің жай-күйін бағалауды талап ететін учаскелерді анықтау мақсатында облыстық әкімшілік полиция басқармасының полицейлері көше-жол желісіне тұрақты негізде тексеру жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері 1 404 зерттеу жүргізілді, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті ұйғарымдар шығарылды. Жол-коммуналдық ұйымдардың 236 лауазымды тұлғасы автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, –  деді спикер.   

Еркебұлан Ахметовтың айтуынша, бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 21 жауапты тұлғаға қатысты іс-құжаттар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жолданған.

Бүгінгі таңда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету - әкімшілік полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері біз 1400-ден астам зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жол белгілері, 16 бағдаршам нысаны, 12 жарпылдауық, 173 жасанды жол кедергісі, 1460 жол қоршауларының погонды метрі, 908 шаршы метр шулы жолақтары, сондай-ақ 22 бағдаршам нысаны жасанды жарықтандырумен жабдықталған, – деді басқарма бастығы.  

Перизат Саденова
Бөлісу: