Алматы облысына қарасты 10-ға жуық ауылдық округтің атауын өзгерту жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ашық талқыға шығарылған әкім қаулысы мен өңірлік маслихаттың бірлескен шешіміне сай, Алматы облысындағы мына ауылдардың атауы өзгереді:
Іле ауданы бойынша:
- Энергетический ауылдық округі - Өтеген батыр ауылдық округі;
- КазЦИК ауылдық округі - Асқар Тоқпанов ауылдық округі.
- Энергетический ауылдық округінің Покровка ауылы - Кенен Әзірбаев ауылы;
- Чапаев ауылдық округі мен Чапаев ауылы - Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы;
- Междуреченск ауылдық округі мен Междуреченск ауылы - Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы;
- КазЦИК ауылдық округінің Комсомол ауылы - Жайнақ ауылы болып өзгереді.
Талғар ауданы бойынша:
- Панфилов ауылдық округінің Қызыл Ту-4 ауылы - Жібек жолы ауылы болып аталады.
Кеген ауданы бойынша:
- Жалаңаш ауылдық округі Жалаңаш ауылын Жалағаш ауылына.
«Осы Алматы облысы әкімдігінің қаулысы мен Алматы облыстық мәслихатының бірлескен шешімінің орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға жүктелсін», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.
Шешім 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.