Алматы облысы Жармұханбет ауылындағы өрт жойылды

9 Сәуір 2023, 17:36 1630

Өрттің жеке тұрғын үйлерге көшу қаупі жоқ

Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұханбет ауылындағы өрт жойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2023 жылғы 9 сәуірде сағат 07.20-да Қаскелең қаласының № 5 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне Алматы облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Қарасай ауданының Жармұханбет ауылында Мақатаев көшесі бойындағы қойма үй-жайында 700 шаршы метр алаңда автомобиль шиналары жанғаны, өрт одан әрі 64 шаршы метр алаңдағы әкімшілік ғимаратқа таралғаны туралы хабарлама түсті. Шығу кестесіне сәйкес оқиға орнына шақырудың жоғары ранг бойынша дереу өрт сөндіру бөлімшелері жіберілді. 

Ең жақын өрт сөндіру бөлімі оқиға орнынан он шақырым қашықтықта, өрт гидранты бес шақырым қашықтықта орналасқан.

Қабылданған шаралардың арқасында өрт сағат 09.08-де оқшауланып, сағат 13.45-те 764 шаршы метр алаңда толықтай сөндірілді. Өрттің шығуын кеш біліп, өртке қарсы қызметке кеш хабарлануы, сондай-ақ екпіні секундына 4-6 метр солтүстіктен соққан жел өрттің осындай алаңға таралуына себеп болды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілердің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында жалпы ауданы 1400 шаршы метр автомобиль шиналары бар қойма үй-жайы құтқарылды.

Алматы облысы ТЖД азаматтарға және меншік нысандарына қарамастан, объектілердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың басшыларына өрт қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді.

EL.KZ
Бөлісу: