Алматы кітапханаларына 40 жыл: Автоматтандыру, инклюзия және креативті жобалар

8 Тамыз, 09:52 529

Алматыда 2030 жылға дейін тағы 20 жаңа кітапхана ашылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ретте кітапхана тапшылығы байқалатын қаланың шалғай аудандарына мән берілетін болады. Сонымен қатар, саябақтарда, скверлер мен сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттары пайда болады. Яғни, көшілік қазір аппарат арқылы кофені өзбетінше жасап, өзімен алып кетіп жүрсе, алдағы уақытта автоматтандырылған аппараттан кітапты тегін алып, оқыған соң қайта кітапханаға қайтара алады. Осылайша, Алматы осындай креативті жоба ұсынып, жүзеге асыруға дайын алғашқы қала болмақ. Мәдениет басқармасы БАҚ өкілдеріне кітапханалар бойынша пресс-тур ұйымдастырып, саладағы осы және басқа да жетістіктер туралы айтып берді. Айта кетейік, биыл Алматы кітапханаларының құрылғанына 40 жыл толды.

Қазір мәдени астанада қала әкімдігіне қарасты 28 кітапхана бар. Оның  үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Оқырмандар үшін барлық кітапханаларда қолайлы жағдай жасалған: кітап қоры үнемі жаңартылып отырады, тегін wi-fi жұмыс істейді, компьютерлер орнатылған, жаңа жұмыс үстелдері, дивандар мен пуфиктер сынды жиһазбен қамтылған. Сонымен қатар, бірнеше кітапханада көру қабілеті нашар немесе зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақталары да орнатылған. Брайль жүйесінің қозғалмалы нүктелері арқылы зағип оқырман кітап мәтінін саусақпен сезіп оқи алады. Ол үшін кез келген кітаптағы мәтінді арнайы құрылғы арқылы сканерлеп, компьютер экранына үлкейтіп шығарабы. Сондай-ақ мәтінді құлаққаппен аудио ретінде тыңдауға да болады.

Біз қаламыздағы зағиптар қоғамымен, сондай-ақ түрлі инклюзивті ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Сонымен қатар, балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп келеміз. Ол үшін тегін тіл үйірмелерін, геймификация элементтері бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, тіпті жұлдыздар мен жазушыларды шақырып, әдеби кештер өткіземіз. Бізде барлығы 140 тегін үйірме бар. Жалпы, қалалық кітапханалардың 95%-ы жаңғыртудан өтті. Біздің әрбір кітапханамыз балалар мен ересектер үшін жан-жақты даму орталығына айналған. Осының арқасында қалалық кітапханаларға оқырмандар жыл сайын кем дегенде 3 миллион рет келіп-кетеді, - деп атап өтті Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.

Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры 1 300 000 данадан асады, оның 18% - ы толығымен цифрландырылған. Сонымен қатар, кітаптар каталогы ОКЖ сайтында орналастырылған және барлығына қолжетімді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметі тестілеуден өткізілуде.

Баспасөз туры барысында журналистер кітапхана қызметкерлерімен сөйлесіп, түрлі филиалдарға барды, қорда сақталған басылымдармен де танысты. № 10 кітапхана меңгерушісі Надежда Тен халықаралық ынтымақтастық аясындағы жобалар туралы айтты. Алматы кітапханашылары биыл Швейцария, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Грузияның жетекші кітапханаларында біліктілігін арттырып, оқудан өтті.

Қала басшысы мен Мәдениет басқармасы біздің саламызды дамытуға қатысты мәселелерге айтарлықтай көңіл бөледі. Әсіресе – қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жұмысқа қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Біз алғаш рет әлемнің жетекші білім беру орталықтары мен кітапханаларында оқуға мүмкіндік алдық. Мен өзім Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Біз Старфилд, Намсан сияқты әйгілі кітапханаларға, сондай-ақ университеттер мен балалар кітапханаларына бардық. Оқу аяқталған соң, біз әріптестерімізбен алған барлық білімімізді өзара саралап, әсерлеріміз туралы айттық. Шетелде алған біліміміз бен жаңа идеяларымызды әкімдік қалалық кітапханаларға енгізе бастады. Бұл расында керемет нәтиже, - деп бөлісті ол.

Қазір қалалық кітапханаларда автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе іске қосылды, оны енгізу арқылы бірқатар жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Мәселен, электрондық оқырман билетін шығарып беру, оқырмандардың сұраныстарын өңдеу, қажетті әдебиеттерді іріктеу, тапсырыс беру және резервтеу, кітаптарды автоматтандырылған режимде беру және қайтару, кітапханалық-ақпараттық технологияларды кешенді автоматтандыру.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: